«Бөлемді ешкімге қимай, өзім тиіп алдым»: Туысына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары өміріндегі өзгерістерді айтты

Тараздық Құралай Тойғабыл мен жетісайлық Сымбат Бердіқұл бөлелерінің балаларына тұрмысқа шыққан. Дегенмен отау құрар кезінде жас жұптың туыстары қарсы болған. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында генетикалық тест те тапсырғанын айтты. Kznews.kz тілшісі жас келіндерден қазіргі жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін сұрап білді.
«Қанымыз бір емес пе, туыс емеспіз бе?»
2005 жылғы Құралай Тойғабыл қазір жұбайымен бірге Алматыда тұрады. Құралайдың руы – төре, ал күйеуінікі – шөмекей. Жас келіннің айтуынша, бастапқыда екі жақтың үлкендері некелесуге қарсы шыққан.
«Менің енем – менің туған бөлем. Бөлемнің баласына тұрмысқа шығып отырмын. Күйеуімді кішкентай кезімнен бастап танымадым. Өзім Тараздың тумасымын. Жолдасым бұған дейін отбасымен бірге Қостанайда тұрған. Бірде бөлемнің үйіне қонаққа қыдырып бардым, сол кезде болашақ жарыммен таныстық. Күйеуім бірінші болып сезім білдіріп, сөйлесіп көрейік деді. “Қанымыз бір емес пе, туыс емеспіз бе?» деп айттым. Жігітім «Біздің жеті атамыз бөлек. Сен анамның бөлесісің, мүлдем түсінбеушілік болмайды» деп түсіндірді», – деді Құралай Тойғабыл.
Құралай жігітімен кейін сөйлесіп, кездесіп жүріп сезімі ашылғанын айтады. Тараздың аруы 1 айдай қарсылық білдіріп, кейін 2 айдан соң тұрмысқа шығып кеткен.
«Негізі екеуміз тез арада үйленеміз деген ой болмады. Екі жақтың туыстары да бастапқыда қатты қарсы болды. «Туыс, ағайын ғой» деп әкем, анам, бауырларым қарсы шықты. Дегенмен соңында бәрібір қосылдық. Өзім қалап, сүйіп қосылған соң ата-анам разылығы мен батасын берді», – деді Құралай.
Құралайдың сөзінше, күйеуінің нағашылары оған бөле болғандықтан тойға көп шығындалмаған. Сонымен қатар Құралай туыстарына сәлем салмайтынын айтып берді.
«Күйеуімнің нағашылары маған бөле болғандықтан туыстарымның ешқайсысына сәлем салмаймын. Кей туыстар «Келін етіп, сәлем салдырамыз ба? Жұмсаймыз ба?» деп айтқан кезде қатты көңіліме тиеді. Өзімнің туысым мені келін етейін деп жатыр ма?” дей ойлаймын. Дегенмен күйеуімнің анасын, нағашы әпкемді ене деп сыйлаймын. Тойымыз кішігірім өтті. 200 адамдай келді. Көбіне тойда нағашыларымыз болды. Ал құда ретінде тойда әкемнің туыстарын күтіп алды. 2024 жылдың мамыр айында отбасы құрдық. Одан кейін тамызда үлкен той болды», – деді тараздық келіншек.
Фото: Құралай Тойғабылдың жеке архивінен
«Өміріміз қор болмасын деп тексеріліп алдық»
Құралай Тойғабыл ата-аналарынан бөлек құрбылары да бұл жігітке тұрмысқа шығуға қарсы болған. Сөйтіп Құралай достарының ақыл-кеңесін ескеріп, болашақта туындайтын аурулардан сақтану үшін тест те тапсырып көрген.
«Сенің ағаң ғой, кейін генетикалық аурулар пайда болады. Бір жағынан қандарың бір» деп ескертіп, кеңестерін жасады. Құрбыларымның да пікірін ескеріп, алдын ала дәрігерлерге барып тексерілдік. Арнайы мамандарға барып, хромосомалық (тұқым қуалайтын ауруларды және репродуктивті мәселелерді анықтау үшін маңызды зерттеу әдісі) және генетикалық (адамның ДНҚ-сындағы нақты генетикалық мутациялар мен өзгерістерді анықтайды) анализ тапсырдық. Сол кезде қанымыз бірдей емес екені, оның жеті атасы да бөлек екенін анықтадық. Өйткені бастапқыда өзім дабыл қағып, кейін мүлдем сұрақтар туындамас үшін және екеуміздің де өміріміз қор болмасын деп тексеріліп алдық. Содан кейін ғана бас қостық», – деді кейіпкеріміз.
«Қайын атам тамақ жасауды үйретті»
Құралай өзі Тараздағы университеттердің бірінде 2-курс оқыса, күйеуі Алматыдағы зауытта маман болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, одан күйеуі 6 жас үлкен болса да, екеуінің арасында сыйластық пен махаббат керемет сақталған.
«Аллаға шүкір, қазір сондай бақыттымын. Күйеуімнің мінезі өте жұмсақ, сыйлап тұрады. Осы ретте жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Есейе келе болашақ күйеуім жақсы азамат болса екен деп армандайтынмын. Барлық жерде қолдап, қамқорлығын аямайды. Мәселен, қайын атамның туыстары келін деп көзқарастарын білдіріп жатқанда қолдап кетеді. Негізі үй шаруасына өте олақпын. Кішкентай кезден бері үйде екі жеңгем болғандықтан үй тірліктеріне көп араласпайтынмын. Енем де керемет жан. Бір жағынан бөле әпкем болғанына байланысты шығар. Қайын атам туралы да ауыз толтырып мақтай аламын. Қайын атам негізі тамақты дәмді етіп жасайды. Тамақ істеуді білмейтінмін. Сол кезде қайын атам тамақты қалай жасау керек екенін үйретті. Себебі бұл әулет ескіні ойлайтын емес, заманауи отбасы. Бәрі маған не істейді деп күтіп отырмайды. Әркім өз жұмысын істеп жүре береді. Бәрі келінге қарағандай емес, жақын адамындай қарайды. Ендігі жоспарымыз бала сүю болып отыр», – деді жан сырын ақтарған Құралай Тойғабыл.