VII «Бастау» халықаралық кинофестивалі аяқталды

0

Қарашаның 5-8 аралығында қазылар алқасы мен көрермендер назарына Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің ең жас режиссерлері түсірген таңдаулы фильмдер ұсынылды. Биылғы «Бастау» кинофестиваліне әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ұсыныс келіп түскен. Режиссер Әділхан Ержанов басқарған іріктеу комиссиясы конкурсқа 22 елден келген 47 фильмді таңдап алған болатын. 

– Біздің жас фестиваліміз биыл жетінші рет өткізіліп отыр және студенттік кино мен кинобілімінің өзекті мәселелерін талқылайтын нағыз кәсіби ортаға айналды. Біздің кішкентай ғана фестиваліміз қаламыздың мыңдаған студенттеріне, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас кинематографистерге пайдалы болғанына сенімдімін, – деді фестивальдің президенті Сергей Әзімов.   

Сондай-ақ фестиваль президенті сахна төрінен фестивальді ұйымдастыруға белсене араласып, қолдау білдірген демеушілерге, серіктестер мен фестиваль жанашырларына, әсіресе фестиваль президенті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Қазақ ұлттық өнер Академиясы мен «Тұран» университетінің басшылығына ерекше алғысын білдірді.

Кинофестивальдің қазылар алқасына енген грузин кинорежиссері, сценаристі, жазушы әрі педагог Ираклий Квирикадзе, монтаж режиссері Сильван Кутандин, ресейлік актриса Эльвира Болгова, қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сондай-ақ, отандық режиссер Сәбит Құрманбеков ұзақ талқылаудан соң «Бастаудың» жүлделерін былайша белгіледі:

Гран-при ресейлік режиссер Адам Дунаевтың «Зәуре туралы хаттарына»,  қазылар алқасының арнайы жүлдесі қазақстандық режиссер Данияр Әзімовтің «Әлем адамына», «Ер адам ролін үздік сомдағаны үшін» жүлдесі түркиялық Ахмед Варлидің «Кешегі қалдық» фильміне, «Әйел адам ролін үздік сомдағаны үшін» жүлдесі өзбекстандық актриса Эльмира Рахимжоноваға «Ана» фильмі үшін, «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесі ресейлік Вахтанг Кхубитяға «Айқай» фильмі үшін, «Үздік сценарий»  Оңтүстік Кореядан келген Ийе Кимнің «Бірге барамыз» деректі фильмі үшін, қазылар алқасының арнайы аталымы  Германия режиссері Синье Кольэнің «Ашық аспандағы симфония» фильмі үшін табысталды. Ал «отандық кинематографияға қосқан үлесі және Қазақстанның жас кинематографистерін өсіргені үшін» жүлдесі танымал режиссер Дәрежан Өмірбаевқа берілді.  Ораз Әбішев атындағы жүлде «Атакәсіп» деректі фильмінің режиссері Берік Жахановқа бұйырды.

«Бастаудың» негізгі қазылар алқасымен қатар Белоруссия, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның өкілдері топтастырылған студенттік қазылар алқасы да жұмыс істеген болатын. Бұл қазылар алқасын VI халықаралық «Бастау» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған испаниялық режиссер Яго Матео басқарды. Студенттік қазылар алқасының Гран-приін Қазақстаннан қатысқан Әлішер Жәдігеровтің «Отау» фильміне табыстап, ерекше аталымды сингапурлық режиссер Тэнг Ван Синьнің «Ақ қалампыр» картинасына берді.

Айта кетелік, «Бастау» кинофестивалі аясында қазылар алқасы және фестиваль қонақтары шеберлік сабақтарын өткізіп, шығармашылық кездесулерге қатысты.  Мәселен, негізгі қазылар алқасының мүшесі Эльвира Болгова Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенттерімен кездесті, ал отандық режиссер Әділхан Ержанов «Тұран» университетінің тәлімгерлерімен әңгімелесіп, тәжірибесімен бөлісті. «Мосфильмнің» дыбыс режиссері Марина Нигматуллина және кинооператор, Украинадағы Карпенко-Карий атындағы университеттің ұстазы Евгений Филиппов шеберлік сағатын өткізіп, жиналғандарға мамандықтарының ерекшеліктері жайында сөз етті. Сондай-ақ, «Бастау» фестивалі аясында «Кинематограф, медиасала және әлеуметтің рухани жаңғыруындағы ақпараттық  қатерлер» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ