Депутаттар көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұлды алып тастауды талап етті

0

Депутат Нартай Сәрсенғалиев көлікті 5 минуттан астам қыздырғаны үшін салынатын айыппұлды алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат әуелі зиянды қалдықтарды ауаға шығаратын зауыттарды тазалауды талап етті.

«Егер жүріп келе жатқан көлік экологияға зиян келтіреді деп санайтын болса, әуелі тонналаған зиянды қалдықтарды ауаға шығаратын зауыттар мен аспаннан қара қар жауатын кәсіпорындарды тазаласын», – деді депутат.

Сондай-ақ вице-премьер Роман Склярға жолдаған сауалында депутат такси және қоғамдық көлік қызметін реттейтін заң жобасын қайта қарауды сұрады. Ол жолаушылар тасымалы саласындағы мемлекеттік өкілеттіктердің бір бөлігін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруді қарастырады. Сәрсенғалиевтың сөзінше, бұл құжат компанияларға тарифтерді белгілеу және бағаларды реттеу құзіретін береді.

«Мұндай ұйымдар азаматтарды аямайтыны анық. Тұтас саланы жеке құрылымдарға беру – монополияны жасанды құру. Бұл жерде біздің үкімет жаңашыл емес. Мысалы, Американың Калифорния штатында таксилер өзін-өзі реттейтін ұйымдардың бақылауына берілді. Салдары ауыр болды. Саланы бақылауға алған ұйым тек «өз» такси компанияларын тіркеп, басқалардың тасымалдаумен айналысуына тыйым салды. Қауіпсіздік талаптарының жеңілдетілуіне байланысты таксилер аптасына жеті күн жұмыс істей бастады. Соның салдарынан олардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың саны 15 пайызға артты», – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатынын жаздық. Тұрғындар тұратын аудандарда қозғалтқышы қосулы көліктің тоқтап тұруына тыйым салынған. Егер қозғалтқыш қосулы жағдайда 5 минуттан артық тұрса, 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

Ереже бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін көліктің мемлекеттік нөмірі көрсетілген және 5 минуттан асқанын дәлелдейтін видео қажет.