Хуторлық Хасанды бір емес, үш бап бойынша тергеп жатыр

0

Алматы облысының полиция департаменті хуторлық Хасан Қасымбаевқа қатысты бір ғана қылмыстық іс қаралып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бүгін бірнеше БАҚ-та хуторлық Хасан Қасымбаевқа қатысты бір ғана қылмыстық іс қаралып жатқаны туралы хабар тараған болатын.

— Хасан Қасымбаевқа қатысты бір қылмыстық істі қарау тоқтатылған. Оған қатысты адам денсаулығына ауыр зиян келтірді деген іс қаралып жатқан жоқ, делінген материалда.

ПОЛИЦИЯ ПІКІРІ

Алматы облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растамады. Олар ақпаратты алғаш болып таратқан БАҚ деректі дұрыс түсінбей қалғандарын жеткізді.

— Аталған тұлғаға (Хасан Қасымбаевқа) қатысты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін іс материалдары тараптарға танысу үшін беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды, дейді облыстық ПД өкілдері Ulysmedia.kz тілшісіне берген жауабында.

ҚАСЫМБАЕВ ТУРАЛЫ

Хасан Қасымбаев былтыр 2 қараша күні  2021 жылғы маусымда болған іс аясында ұсталған. Ол А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оны ұрлады деген күдікпен ұсталғандардың бірі. Хасан Қасымбаевтан өзге қылмыскерлер қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.