Кеңейтілген Үкімет отырысының қарқыны қалай? Сарапшылар не дейді?

0

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында талай өзекті мәселелер қарастырылды. Әсіресе, Президент Үкіметке қаражатты толық үнемдеуді қамтамасыз етуді және аса маңызды міндеттерді шешуге ғана жұмсауды тапсырды.

«Қаншалықты қиын болса да, Үкімет қаражатты толық үнемдеуді және оларды тек ең өзекті міндеттерді шешуге жұмсауды қамтамасыз етуі керек. Белді бекем буып, бар қаражатпен өмір сүретін кез келді», — деп, өз принциптерін анық жеткізді.

Президент елде экономика өсіп келе жатқанын, бірақ көптеген проблемалар бар екенін түсіндірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мысал ретінде тарифтік қақтығыстар мен санкциялық текетіресті келтіріп, оны «ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын үрдістер» деп атады.

Сондай-ақ технологиялық державалар арасындағы бәсекелестікке қатысты жағдай шиеленісіп жатқан АИ саласының дамуы туралы да айтты.

«Мұндай жағдайда бізде жаңа дәуірдің елеулі сын – қатерлерін еңсеруге бағытталған іс-қимылдардың нақты стратегиясы болуы қажет», — деп атап өтті президент.

Аталған мәселелер төңірегінде сарапшылар да өз ойын жеткізуде. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин:

“Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашып, еліміз үшін маңызды мәселелерді талқылап жатыр.

Мемлекет басшысы әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын, жаһандық үрдістердің Қазақстан экономикасына әсер ететінін атап өтті.

Президент жаңа технологиялық дәуірдің басталғанын айтып, еліміздің оған толық дайын болуы керектігін ерекше атап өтті. Цифрландыру мен технологиялық даму – бәсекеге қабілеттілікті арттырып, тұрақты дамудың кепілі.

Сонымен қатар, Үкімет пен әкімдердің жұмысы нақты көрсеткіштермен бағаланатыны, экономиканың даму қарқыны мен халықтың тұрмыс сапасы басты назарда болатыны айтылды”, — дейді.

Ал Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Капарова өз пікірінде:

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын аша отырып, әлемдегі күрделі ахуалға тоқталды.

— Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.

Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет бүгінгі отырыста Үкімет алдында тұрған жаңа міндеттер айқындалатынын атап өтті.

— Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз, — деді мемлекет басшысы”, — деген тұжырым жасады.

Айтылған мәселенің барлығы көптің көңілінен шығып, ағымдағы жылға да жаңа міндеттер қойылды. Мақсаты айқын елдің болашағы да жарқын болатыны сөзсіз.

фото: t.me/bort_01