Астанада қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы

0
21 Желтоқсан 2018, 19:35 199 0

Фото: astana.gov.kz

Астана, BAQ.KZ. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы орта есеппен 250 мың теңгені құраса да, олардың жалақысына қосымша ақы қарастырылғанымен қалада 900-ге жуық қоғамдық көлік жүргізушісінің жетіспеушілігі сезіледі. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Жүргізушілерді ынталандырып отыру үшін олардың негізгі жалақысына қосымша ақы түрлері де қарастырылған. Астана LRT» ЖШС-нің директоры Бекмырза Игенбердиновтың айтуына қарағанда, бұл ретте жүргізушінің валидация арқылы төлем алу жоспарын асыра орындағаны, кеңесшісіз жұмыс жасағаны есепке алынады.

«Сондай-ақ, егер жүргізушінің атына арыз түспесе, ЖКО ұрынбаса, барлық талапты орындап, жұмысын жақсы атқарса, онда ол адамның еңбекақысы жоғары болады. Ең төменгі еңбекақы 200 теңгені, ең жоғарғысы 400 мыңды құрайды», — деді Б. Игенбердинов.

Сонымен қатар, ол жұмыскерлердің тапшылығы туралы айта кетті.

«Қала бойынша шамамен 900 жүргізуші жетіспейді. D санаты бар кейбір үміткерлер аймақтардан келеді. Қарасаңыз, тәжірибесі бар, еңбек кітапшасында жұмыс жасағаны туралы жазба да, мөр де бар. Алайда біліктілігін арттыру орталығына келіп, қарапайым жол ережелерін тапсыра алмайды, психологиялық тест туралы айтпай-ақ қояйын. Ондай адамдарды ірі қалада жүздеген адамды таситын көлікке қалай отырғызамыз?!», — деді «Астана LRT» басшысы. Астананың қоғамдық көлік желісі 85 маршрутты қамтиды.

Олардың 60-ы – қалалық, 7-і – экспресс бағдарлар, 18-і – қала маңына қатынайтын бағдарлар. Күн сайын маршрутқа 850 автобус шығады, оның ішінде 738 автобус қалалық маршруттарға, 47 автобус экспресс-бағыттарға және 65 автобус қала маңындағы маршруттарға қызмет көрсетеді. Астананың қоғамдық көлік жүйесі 8 автобус паркіне қызмет көрсетеді. Олардың 1-і – коммуналдық және 7-і – жеке меншік парктер. Қаланың қоғамдық көлік автопаркі 1 082 автобустан тұрады. Қазіргі таңда 1,5 мың жүргізуші бар.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ