Комикс кітаптар жарық көрді | «Айқын» газеті

0

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада балаларға арналған «Ілияс пен Заңғардың планшеті» және «Ыбырай атамның әңгімелері» кітаптарының тұсаукесері өтті. Бірінші кітапқа ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсариннің шағын әңгімелері жинақталған. Екінші кітап – «Ілияс пен Заңғардың планшетінің» авторы – жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы.

Жоба жетекшісі Азамат Байғалиұлының айтуынша, екі кітапта комикс жанрында жарық көрген. «Қазақ ішінде бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ағартушылық бағытта еңбек еткеннің бірі – Ыбырай Алтынсарин. Арада қанша уақыт өтсе де, шығармалары өзектілігін жоғалтпайды. Бірінші кітапта ұлт ұстазының 8 әңгімесі берілсе, екінші кітапта ұлттық тәрбиемен өскен екі қалалық баланың өмірі бейнеленген. Көптен ойда жүрген мақсатымыз іске асып, қуанып жатырмыз. Жобаның авторы – Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан. Демеуші – «Аяла» балаларды дамыту орталығы, «Нұр Астана құрылыс» мекемесі. Бірде Мұхамеджан Тазабеков «Жігіттер, кітап ісін қолға алу керек. Хатталған дүние жоғалмайды. Әлеуметтік желідегі белсенділіктеріңді ағарту ісіне де жұмсасаңдар» дегені бар еді. Ғалым Айгүл Ісмақова «Асыл азаматтардың еңбектерін мұқият қарашы. Talbesik.kz сайты кітап шығарумен жалғасын тапсын» деп тілеулес болған еді. Екі еңбекті Тәуелсіздік күніне тарту еттік» деді Азамат Байғалиұлы.

Шығармаға қалада туып-өссе де, ұлттық тәлім-тәрбиеден ажырамаған Ілияс пен Заңғардың қызықты өмірі арқау болған. Кітап авторы Ұларбек Нұрғалымұлы   «Балаларым «әке, ертегі айт, ертегі айт» дейді. Мектепте оқыған ертегілерден есімде қалғанын айтып беремін. «Тағы» дейді, тағы айтамын. «Оны кеше айтқансың, басқасын» дейді. Таусылады екенсің. Кейбір ертегі ұзақ, «жалғасын ертең десең» бұ заманның баласы оған көнбейді екен. Екі-үш күн бұрын айтып кеткен «Ертөстікке» қайта оралсаң, «оны айтқансыз, басқасын» дейді. Шамамен есептесем, бір ертегіден қазіргі қаланың балалары түсіне алмайтын 10-15 сөз шығады екен. Оның кейбірі ертегіні мазмұнын байытып, оқиғасын ширата түсетін маңызды кілт сөздер ғой. Көзі бақырайып аңырып отырған кейпіне қарап аяп та қаласың. Көрмеген ғой, қайтеді енді. Тірі жылқының жанына барып, жалынан сипап көрмеген қаланың кей баласына шабысынан жер жарылып кететін Шалқұйрықты айтсаң құбыжық елестейтін шығар деймін. Бірақ бұдан «бұрынғы ертегілерді түсінбейді, басын қатырмайық» деген сөз шықпайды. Түсінсін, түсінбесін құлағына құйыла берсе, кей сөздерді кейін түсініп алады. Сөздік қорына қосыла береді. Алайда, естіген әңгімелерінің бәрі тылсым бола бергені де оңай емес екен. Сонымен не керек, арасында өздері көріп жүрген өмірді араластыра әңгіме құрап айтамын. Оның да кейбіреуі селт еткізбейді, кейбірін ертесі тағы да айтқызады. Өзім ойдан құрастырып айтқан «Ілияс пен Заңғардың планшеті» деген әңгімені ұнатып қалды. Екі күннің бірінде сұрайды. Сосын мен де оның ішкі мазмұнын өзімше байытып, ішінде оларға да жаттауы, білуі керек дүниелерді бір-бірлеп қосып жүрдім. Бірде talbesik.kz сайтын ашып, балалар тәрбиесі тақырыбында шарқ ұрып жүрген Азамат Байғалиұлына айтып бердім. Қағазға жазып бердім. Соншалықты көп те емес. Азамат «кітап етіп шығарамын» деді. «Бір әңгіме қайтіп бір кітап болады?» деймін. «Балаларға қызықты етіп, комикс үлгісінде жасаймыз» деді. Керемет кітап жарық көрді» деген ойымен бөлісті.

Тұсаукесерде кітаптардың ерекшелігі, баспа ісінің мәселесі, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

«Айқын» ақпарат 

Дереккөз: Айқын