Үкімет Байқоңыр түбіндегі аэродромды Қазақстан меншігіне алудан бас тартты
Сенат депутаттары Премьер-министрдің атына сауал жолдап, Байқоңыр түбінде 1980 жылы салынған «Юбилейный» аэродромын Қазақстанның коммуналдық меншігіне алып, нысанның базасында авиа отын құятын кешен құруды ұсынған болатын. Олжас Бектенов осы сауалға жауап берді.
Депутаттар келтірген мәліметке сенсек, аэродромдағы ұшу-қону жолағының ұзындығы — 4,5 шақырым, ені — 84 метр, бетон монолиттен құйылған жабынның қалыңдығы – 32 сантиметр.
— Кезінде аэродром салмағы 392 тоннаға дейін баратын ұшақты қабылдауға жарамды болды. Алайда, 2020 жылы Ресей Федерациясының эксперименттік авиациясы аэродромдардың мемлекеттік тізілімінен «Юбилейный» аэродромын шығарып, жұмысы тоқтады. Осылайша, қазіргі уақытта аэродромның мәртебесі мен меншік иесі анықталмаған, — деп жазады сенаторлар.
Премьер-министр аталған нысанның 1994 жылдың желтоқсанынан бері Ресей Федерациясына жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің мүлкі болып есептелетінін айтқан.
— Оның толыққанды жұмыс істеуі үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына сай келетін мынадай элементтердің болуы қажет: әуеайлақ инфрақұрылымы, аэровокзал кешені, ұшуды қамтамасыз ету құралдары, авариялық-құтқару қызметі, авиациялық қауіпсіздік қызметі, жерүсті және әуеайлаққа қызмет көрсету, арнайы техника паркінің болуы. Бұл ретте инфрақұрылымның жай-күйі қанағаттанарлықсыз деп бағаланады. Ұшу-қону жолағының бетон жабыны жарылып, құрылыс жайлар тозған, арнайы техникалары жоқ. Ал әуеайлақтың өзі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты әуежайдың қызметін қалпына келтіру үшін инфрақұрылымдық объектілерді қалпына келтіру, арнайы техника паркін жаңарту және персоналды жинау қажет болады, бұл өз кезегінде қомақты қаржы салымдарын талап етеді, — деп жазылған жауапта.
Үкімет басшысы Байқоңыр қаласына жақын жерде облыстық маңыздағы Қызылорда әуежайы тұрғандықтан Юбилейный аэродромын қайта жандандыру соншалықты тиімді қадам болмайтынын айтады. Олжас Бектенов айлақты жанармай құю кешені ретінде пайдаланудың реті жоқ деп санайды. Өйткені, авиа отынның импорты жылдан жылға артып келеді. Жауапта келтірілген дерекке сүйенсек, 2023 жылы елдегі мұнай өңдейтін зауыттар 637 мың тонна авиа отын өндірсе, тұтыну көлемі 832 мың тонна болған. Ал былтырғы 11 айда 522 мың тонна өндіріліп, 794 мың тонна тұтынылған.
— Осыған байланысты және еліміздің ірі әуежайларындағы жанармай құю кешендерінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескерсек, әуеайлақты авиа отын құюға арналған заманауи станциялармен жарақтандыру орынсыз деп санаймыз. Әуеайлақтың қанағаттанарлықсыз жай-күйін және жолаушылар ағынының аз болуын, Байқоңыр қаласында экспорттық тауарлар өндірісінің болмауын назарға ала отырып, қазіргі уақытта оны мультимодальды авиахаб ретінде пайдалану тиімсіз деп пайымдаймыз, — деп жазады Премьер-министр.
Еске салсақ, былтыр жазға қарай Ресей «Байқоңыр» кешеніндегі 234 нысанды Қазақстанға қайтаруға ниетті екені мәлім болған еді.