Көлігі ескілер жаңасын алғанша айыппұл төлейді – Сенатор автоны 5 минуттан арттық қыздырғандар жайлы
Ішкі істер министрінің экс-орынбасары, сенатор Марат Қожаев аулада көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу жайлы нормаға пікір білдіріп, аталған жазаны алып тастауды қолдамайтынын мәлімдеді. Ал көлігі ескірген азаматтар жаңа автокөлік алғанға дейін айыппұл төлеуі керек дейді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат кулуарында журналистер Марат Қожаевтан желіде кең тараған «штрафстан» ұғымына қатысты пікір білдіруін сұраған. Сенатор өз жауабында көлікті ұзақ қыздырғандарға салынатын айыппұл жайында да сөз қозғады.
«Қоғам болған соң көршінің де жайын ойлау керек. Бұл не үшін істелді? Аулада көлікті бұрқыратып оталдырып қойып, адамға зиян келтіретін қорған оксиді деген сынды зиянды заттарды көп бөлмесін дегені. Дарылдап тұрған көлік кішкентай баланың мазасын алмауы қажет. Осындай дүниелер заңмен реттелуі керек. Әйтпесе қоғам мүшелері ойына келгенді істей берсе, одан да қиын жағдайға түсеміз», – деді Марат Қожаев.
Журналистер Марат Қожаевтан «Көлікті 5 минут қыздыру жеткілікті ме?» деп сұраған еді.
«5 минут жеткілікті. Заманауи көліктер арнайы техникалық тұрғыдан жабдықталған. Тоқтап тұрғанда көліктің тежеуішін басқанда, көлік өшіп қалады. Бұл ауаны аз ластау үшін жасалған. Көлік қозғалыс кезінде тез қызады, сәйкесінше қорғаныс оксидін аз бөледі. Мен бұл норманы алып тастауды (көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу – ред.) қолдамаймы. Бұл адамдардың игілігі үшін істелген. Иә, бізде көліктердің техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Бірақ уақыт өте көліктер жаңарады. Ал ескі көліктер белгілі уақыттан кейін қолданыстан шығарылады. Оған дейін иә, айыппұл төлейді», – деді сенатор.
Марат Қожаевтың айтуынша, заң нормасына сәйкес жүргізушілерге ережені бұзса немесе тұрғындарға ыңғайсыздық тудырса ғана айыппұл салынады.