Мен де әскерде таяқ жедім. Ауыртпалықты көтеру керек! — ЕРМҰРАТ БАПИ
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазақстандық сарбаздардың әскерде соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kznews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутат сарбаздардың өліміне тек армия кінәлі емес екенін айтты. Ол бұл жерде қоғамның да кінәсі барын айтады.
— Бізде қазір әр отбасында екі-үш баладан артық жоқ. Жалғыз баласын өбектеген отбасы әскерге баланы жіберуі, Отан қорғауы – заң бойынша парызы. Ол парызды өтеудің орнына алып қалудың амалдарын жасайды. Әлемде қауіп-қатерлер болып жатыр. Алақанда өбектеліп өскен бала әскерге қаншалықты дайын? Оқу оқып жүргенде бастапқы әскери дайындық сабағында автоматтың құрылымын қаншалықты білді? Оның әскерде қызмет етуге деген ерік-жігері бар ма? Бұл жерде сұрақтар өте көп, дейді депутат.
Бапи Қорғаныс министрлігі ешқашан сарбаздардың өзін-өзі атуына, қылмыс жасауына мүдделі емес дейді.
— Шекара қызметі, Ұлттық ұлан да сарбаз бен басшылықтың арасында қалыптасып жатқан жағдайлар, конфликттер болуы мүмкін. Оның бәрін бір күнде шешіп тастамаймыз ғой. Дабыраның бәрі қайдан туады? Мен әскерде болған кезде бізде хаттан басқа ештеңе жоқ болатын. Мен Камчаткадан Зайсанға хат жазам, бір айда жетеді, бір айдан кейін келеді. Қазір екінің бірінің қолында телефон бар. Ол арқылы ақпарат жетеді. Оны қолдай кететін, дүркірейтін қоғам бар. Соның салдарынан осындай дабыра, даңғаза туады. Әйтпесе біз де талай таяқ жедік әскерде болғанда. Таяқ жедім. Бірақ әскери жарғыда «барлық ауыртпалықты берік көтеру» деген бар. Ант қабылдаған кезде жазылған. «Мен ауыртпалықтардың бәрін көтерем» делінген. Бұл сөзді біз санамыздан өткізіп айта алмаймыз. Отан қорғау алдындағы міндетіміздің бір бөлшегі ретінде түсініп айтсақ, болып жатқан оқиғаларға басқаша көзбен қарайтын ба едік, дейді депутат.
фото: ulysmedia.kz