Баспанасыз қалды ма: Қайрат Нұртастың әйелі үйіне қатысты іс шиеленісіп кеткенін айтты
Ол ІІМ-ге қабылдаудан бас тартқанын айтты
Актрисаның айтуынша, жағдай ушығып бара жатқанын айтты.
«Жаңа жылдың алдында бірнеше рет Диляра қоңырау соқты. Телефонымды көтермегендіктен, дыбыстық хабарлама алдым. Жолдамасында ол кешірім сұрап, эмоцияның күшімен маған қарсы баспасөз конференция бергенін, барлық болып жатқан жайтқа өкінетіндігін жеткізіп, кездесу сұрады.
Мен өз тарапымнан жауап бердім. Егер нақты ұсыныс болса, тыңдауға дайын екендігімді бұған дейін де жария естіртіп келгенмін. Екі тарап адвокаттарымызбен бірге кездестік. Алайда Дилярадан маған бұл жолы да мардымды ұсыныс болмады. Керісінше, мен нақты талаптарымды қайта ескерттім», — дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Ол сөзін жалғай отырып, Диляраның уақыт беруін, талаптарын толық орындайтынын айтқанын жеткізді.
«Ол сол сәтте 2 күн уақыт беруімді сұрады. Осы екі күнде барлық талабымды орындайтынын өз аузымен айтты. Мен сұраған уақытына келісіп кеттім. Бұл қаңтардың 6-күні болды. Жоспар бойынша біз 8 қаңтар Ішкі істер министрлігіне осы сот ісі бойынша қабылдауға жазылып қойған едік. Дилярамен кездесуден кейін маған Астана қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерінен әр жарты сағат сайын қоңырау келе бастады. Ескере кетейін қоңыраулар күндіз-түні болды.
Ондағы талап: «Сіз ІІМ-ге қабылдауыңызды отмена жасаңыз. Біз 20 қаңтарға дейін сіздің мәселеңіз бойынша оң шешім табамыз…» деп сендірді.
Өз еркіммен емес, Полиция департаменті қызметкерінің талабы бойынша, мен министрліктегі қабылдаудан бас тарттым. Енді міне бүгінгі күнге дейін маған не Диляра, не полиция департаменті қызметкері хабарласқан жоқ. Сондықтан мен ІІМ-ге қабылдауға қайта жазылдым», — дейді Қайрат Нұртастың әйелі.
Ол өз сөзінде өзінің нақты мақсаты туралы қозғап өтті.
«Сондай-ақ, бұл Істегі барлық әсер етуші адамдардың аты-жөндерін, полиция департаментіндегі қызметкерлерінің тізімдерін жария ету мақсатында, үлкен ашық сұқбатқа келіскенімді жеткіземін.
Дилярамен соңғы кездесуде маған айтылған пікір былай болды: Сен мені түрмеге отырғызғаннан үйіңді қайтарып ала алмайсың!
Ескертемін. Менің мақсатым – біреуді түрмеге отырғызу емес. Бар болғаны заң бойынша өзіме тиесілі үйімді қайтаруды ғана көздеймін», — дейді актриса.
Қайрат Нұртастың әйелі сөз соңында қалалық Полиция департаментіне, ІІМ-ге, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа жүгініп, мәселені назарға алуды сұрады.