Бес есе қымбаттаған фонтан: Мажағұловтың сотында дау туды

0

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында атышулы «Күн» субұрқағына қатысты іс бойынша сот процесі әлі жүріп жатыр. Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловға субұрқақтың құрылысы кезінде ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылған болатын.

Оқиғалардың өрбуіне қарағанда, сот алқасы жарыссөз кезеңіне жақындап қалды, алайда үкім шығарылар сәт жақындаған сайын сот залындағы шиеленіс күшейіп барады. Сейсенбі күнгі отырыс та ерекше болды — Ulysmedia.kzтілшісі қос тараптың бір-біріне дауыс көтеріп сөйлей бастағанын байқады.

Процесте Мажағұловтың екі қорғаушысы дау шығарды. Бірақ олардың есімдерін журналистерге жария етуге тыйым салынған.

АРЗАН МАТЕРИАЛ

Бұған дейін экс-шенеуніктің адвокаттары БАҚ өкілдерін сынаған болатын, ал бұл жолы судьяның әрекеттеріне қарсылық білдірді. Кейін эмоциясын жасыра алмай, орнынан атып тұрып, шақырылған сарапшы-тауартанушыны «біліксіз» деп айыптады. Сарапшының айтуынша, субұрқақ құрылысында техникалық құжаттамада бекітілген материалдар пайдаланылмаған. Сонымен қатар, «Күн» субұрқағының конструкция өлшемдері де бастапқы жобадан ерекше болып шыққан.

— Біз қолымыздағы материалдарды зерттеу барысында екі нәрсеге сүйендік. Біріншісі — металдың маркасы, екіншісі — сақина түріндегі конструкциялардың номиналды диаметрі. Техникалық құжаттама мен техникалық қорытындыдағы мәліметтерді салыстыра отырып, бұл металконструкциялардың талаптарға сәйкес келмейтінін анықтадық, — деп түсіндірді сарапшы.

Осыған жауап ретінде Мажағұловтың адвокаты сарапшының біліксіздігін «қарапайым дәлелдермен» көрсететінін мәлімдеп, тауартанушының еңбек өтілін алға тартты. Судья бірнеше рет қорғаушыны сабырға шақыруға тырысты.

5 ЕСЕ ҚЫМБАТТАУ

Отырыс барысында түскі үзілістен кейін шиеленіс одан әрі қыза түсті. Сотта «Күн» субұрқағының жалпы құны 3 972 730 000 теңге екені белгілі болды.

Прокурор бюджет өтініміндегі сома айырмашылықтарына назар аударды. Сметаның біреуі Мажағұловтың басқармасына, екіншісі экономика басқармасына түскен.

Мысалы, жобаның бастапқы құны 68 млн теңге деп бағаланса, кейін экономика басқармасының сметасында 100 млн теңгеге өскен. «Монтаж және конструкция» бағаны бастапқыда 47 млн теңге деп көрсетілсе, белгісіз себептермен бес есе қымбаттап, 256 млн теңгеге жеткен.

Субұрқақтың сақинасы да 291 млн теңгеден 449 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Тек логистика шығындары ғана 692 млн теңгеден 318 млн теңгеге арзандаған.

Мемлекеттік айыптаушы бірнеше рет Мажағұловтан бұл өзгерістерді басшылық қызметте отырып қалай байқамағанын сұрады. Бірақ Болат Мажағұлов бұған нақты жауап бере алмады:

— Мүмкін түзетулер енгізілген шығар. Сметаны түзетумен біз емес, экономика басқармасы айналысады. Мен оны түсіндіре алмаймын, бұл бөлім арқылы өтті. Барлық құжат қаржы-экономикалық бөлімге өткізіліп, тексеріледі. Бұл сұрақты қаржыгерлерден сұрау керек. Құрметті сот, қаржы бөлімінің қызметкерлері мен экономика басқармасының өкілдерін шақыруды сұраймын, — деді ол.

Қорғаушы бұл сұрақтарды «орынсыз» деп санап, Мажағұловтың қаржыгер немесе инженер емес екенін айтты:

— Мұндай сұрақтар орынсыз. Мажағұловтың білімі — мәдениет саласында. Ол қаржыгер де, инженер де, сметашы да емес. Оның басқармасында осы салаларда білімі мен тәжірибесі бар қызметкерлер жұмыс істейді. Ол өз қызметкерлерінің жұмысын істеуі керек пе? Мажағұловқа орынсыз айыптар тағылып отыр. Қарамаған болса, қарамаған шығар. Онда тұрған не бар? — деп ашуланды адвокат.

Отырыс соңында қорғаушылар экономика басқармасының, бюджет комиссиясының, жастар саясаты бөлімінің қызметкерлерін, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерін сотқа шақыруды талап етті. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушы Мажағұлов судьяны әділетсіздік танытты деп айыптап, оның адвокаттарының көптеген өтініші қабылданбағанын атап өтті:

— Өтініштеріміздің 90%-ы қабылданбады. Ал айыптау тарапының барлық өтінішін қолдап отырсыз. Қайдағы объективтілік пен бейтараптылық? Бізге нақты жағдайды көрсетуге және кінәсіздігімді дәлелдеуге мүмкіндік бермей отырсыз. Барлығы біржақты шешіліп жатыр, — деді ол.

МАЖАҒҰЛОВТЫҢ ІСІ

Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов былтыр қыркүйекте ұсталған еді. Ол 2016 жылы «Күн» субұрқағын салу кезінде ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Кейін оның мүліктеріне шектеу қойылды.

Мажағұлов пен Қанапиннің үстінен қозғалған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды. Мажағұловтың қорғаушысы бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу туралы міндеттемеге ауыстыруды сұраған. Прокурор мен басқа сотталушының адвокаты өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Оның соты әлі өтіп жатыр.