Дәрігерге жақсы емдегені үшін бір қорап кәмпит ұсыну — пара емес — Антикор
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов заңнамаға ұсынылып отырған «пара ұсыну, пара уәде ету, пара талап ету» ұғымдарына түсінік берді.
— Алғыс білдіру дегенде оның астарында нені меңзеп тұрғаныңызға байланысты. Егер сізге алғысыңыздың орнына мынандай, мынандай істеу керек деген болса, алғыс ретінде жасаған сыйыңыздың көлемі 2 айлық есептік көрсеткіштен (7 864 теңге – ред.) асса, бұл — пара болады, — деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Журналист өзін жақсы емдеп шыққан дәрігерге алғыс ретінде бір қорап кәмпит ұсынудың қаншалықты заңды екенін сұрады.
— Жоқ, ол пара емес, — деп жауап берді Ұлан Сарқұлов.
Агенттік өкілі азаматтар мемлекеттік органның, дәрігердің немесе мұғалімнің қызметіне алғыс ретінде мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіштен (19 660 теңге – ред.) жоғары дүние сыйлағысы келсе, арнайы қорға өткізу керектігін еске салды.
— Бізде арнайы қор бар. Біреу сыйлық берсе, сол қорға өткіземіз. Ол қор баяғыдан бар. 5 АЕК-тен асатын соманың бәрі сол қорға өткізіледі, — деді ол.
Ұлан Сарқұлов қандай да бір шаруаны шешу шартымен «алғыс білдіру» пара ұсыну болып есептелетінін ескертті.
— Мысалы, адам мемлекеттік портал арқылы кезекке тұрып емделу керек болды дейік. Сол кезекті жылжыту үшін «алғыс білдіргісі» келсе, ол пара болып есептеледі. Сол үшін қоғамның санасында пара ұсыну, пара уәде ету, пара талап ету деген ұғымдар болмау керек, — деді агенттік өкілі.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасы талқыланып жатыр.