Айтбек Амангелді «Жыл адамы 2024» мәртебесіне ие болды

0

Stan.kz редакциясы кезекті рет “Жыл адамы 2024” атағына лайық жанды анықтады. Көпшілік арасында сауалнама жүргізіп, дауыс беру арқылы қоғам алдында жаңа бетбұрыс жасап, игі істерге бастама болған жанның кім екенін сұрадық. Нәтижесінде жұртшылықтың таңдауымен Айтбек Амангелді 2024 жылдың «Жыл адамы» атағына лайық деп танылды.

Айтбек Амангелді – көптеген қазақ әйелдерінің қауіпсіз қоғамда өмір сүруіне жол ашқан марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы. Ол қарындасының қайғысы кезінде батылдығымен, ұстамдылығымен көпшіліктің көзіне түсті. Қарындасын ұрып өлтірген, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот ісінде жеңіп шығып, кейін қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге де бейжай қарамай белсенді атсалысып келеді.

Stan.kz ақпарат агенттігі Instagram желісінде жүргізген сауалнамада ең көп дауыс жинағандардың алғашқы үштігінде: Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов, “Бетперде таққан адам” мен Ырысбала Икрамбай болды.

Одан бөлек көпшілік Руслан Өтепбай, Салтанат Нүкенова, Алтай Айнабек, Санжар Керімбай, Асхат Аймағанбетов сынды тұлғаларға да белсенді дауыс берді.

“Уақытты артқа қайтарған данышпан”, “80 мың айлыққа 7-8 баласын бағып пәтерде жүрген жандар” дегендер де болды.

Редакциямыз осы тізім ішінде ең көп дауыс жинаған Айтбек Амангелдіні “Жыл адамы 2024” атағына лайық деп тапты.

Айтбек несімен “Жыл адамы” атағына лайық?

Қоғамға жаңа бетбұрыс әкеліп, қазақ әйелдерінің қауіпсіз ортада еркін өмір сүруіне септігін тигізген Салтанат Нүкенованың оқиғасы тек Қазақстанды ғана емес, әлемді шулатқан еді. Сол себептен көпшіліктің таңдауы осы оқиғада басты күрескер болған Айтбек Амангелдіге түсіп отыр.

Айтбек қарындасына қатысты істе жеңіп шыққан соң, батыл да қайсар мінезімен өзге де мұқтаж жандарға көмектесе бастады. Атап айтқанда, көптеген отбасылық өмірде зорлық-зомбылық көрген әйелдерге жол нұсқап, қолдау беретін Салтанаттың атына арналған қор ашты.