ҚФФ Черчесовтің отставкаға кетуі жөнінде мәлімдеме жасады
— Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қызметінен кетуі туралы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда Станислав Черчесов Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастырып, Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт бойынша жұмыс істейді, — делінген хабарламада.
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі тек ресми ақпарат көзіне, федерацияның ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Станислав Черчесов айыппұл төлейтін болғанын жазған едік. Себебі ел құрамасының Ұлттар лигасы аясында өз алаңымызда өткен Словениямен кездесуінен кейін оған ПСЖ жейдесін киген журналист қазақ тілінде сауал қойған еді. Бас бапкер сұрақ қойған журналистке «Француз тілінде сұрақ қойып тұрсың ба?» деп айтқан болатын.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде көпшілік арасында талқыланды. Бас бапкердің бұл өрескел әрекеті үшін Қазақстан футбол федерациясы тарапынан айыппұл салынды. Айыппұл көлемі — 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге).
Артынша ҚФФ Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайтынын мәлімдеген болатын.
Осы тұста депутаттар шулап, «тілімізді таптаған Черчесовке қақпамызға кірген әр гол үшін 80 млн теңге төлеп отырмыз», — деп ренжіген еді.