Ынтымағы жарасқан ел | «Айқын» газеті
Парламент Сенатында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Оған депутаттар мен аппарат қызметкерлері қатысты. Мерекелік шараны ашқан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 27 жыл бұрын аса күрделі геосаяси жағдайда Тәуелсіздікті жариялағанын еске салды. Дағдарыстар мен басқа да қауіп-қатерлерге қарамастан Мемлекет басшысы елімізді сеніммен алға бастап келе жатқаны атап өтілді.
– «Артық жолдас таппадым татулықтан» деп халқымыздың ұлы перзенті, хакім Абай айтқандай, Қазақстан қоғамының ынтымағы мен бірлігі мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымына айналды. Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғырттық, экономикамызды өркендетіп, қуатты мемлекет қалыптастырдық. Қазақстанның биік белесті бағындырып келе жатқан әр қадамы, табысы мен жеңісі – Тәуелсіздіктің арқасы, – деді Қ.Тоқаев.
Халқымыздың «еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген даналық сөзін атап өткен ол Елбасының мемлекетімізді нығайту жолындағы қажырлы еңбегі нағыз ерліктің үлгісі екенін баса айтты. Жоғарғы палата басшысы ұлы мақсаттарды көздеген халқымыздың жарқын болашағы жолында Мемлекет басшысының асқан көрегендік пен жасампаздық танытып келе жатқанына тоқталды.
Бүгінде қайта жаңғырған мәдениетіміз бен руханиятымыз Елбасының қолдауымен жаңа арнаға бет бұрғанын атай келе, Сенат төрағасы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың тамыры терең мұрасын ұлықтаған, төл тарихымызға жаңа тыныс беретін бірегей бастама екеніне тоқталды. Сонымен қатар ол Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала өркениетінің» әлем тарихындағы маңызы және оның адамзат өркениетіне ұсынған құндылықтары көрсетілгеніне назар аудартты. Оның айтуынша, Ұлы даланың сан ғасырлық ұлағаты ұлт тарихын жалғастырушы келешек буын өкілдерінің ертеңіне жол ашарына күмән жоқ.
– 27 жыл ішінде мемлекеттілігіміздің мықты іргетасы қалыптасты, Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы беделі жоғары мемлекетке айналды», – деген Қ.Тоқаев Президент Жолдауындағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа сипаттағы міндеттерді атап өтті.
– Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерді одан ары нығайту үшін халқымыздың көкейіндегі өзекті мәселелерге назар аударуымыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың маңыздылығы қазіргі әлемдік ахуалдың шиеленіскен тұсында аса өзекті мәселе, – деді ол.
Ұлттық мерекемізге орай мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, сондай-ақ халықтар достығы мен ынтымақтастығына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ Сенат депутаты Қазақстан Президентінің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, Әли Бектаев пен Бақтыбай Шелпеков «Парасат» орденімен, Владимир Волков пен Еділ Мамытбеков «Құрмет» орденімен марапатталды.
Өзге де марапаттар табысталды. Сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Рашид Түсіпбеков, Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ТМД Парламентаралық ассамблеясының «Содружество» орденімен марапатталды. Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Ерік Сұлтановқа «Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалі, Рысқали Әбдікеров, Владимир Волков, Дүйсенғазы Мусин, Нариман Төреғалиевке ТМД ПАА Құрмет грамотасы берілді. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов және бұрынғы сенаторлар Әділ Ахметов, Қайрат Ищанов, Нұрлан Оразалин, Орынбай Рахманбердиев түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының қаулысымен «ТүркПА-ға –
10 жыл» медалін иеленді.
Дереккөз: Айқын