Қазақстанда Кеңес одағынан қалған «жаман ауру» бар – АҚШ-тағы қазақтың пікірі
Қазақстанға өз еліндегі мәселелерді ашық мойындап, оларды жүйелі түрде шешу қажет. Мұндай пікірді Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында АҚШ-та табысты мансап құрған, қазіргі уақытта Citadel хедж-қорының вице-президенті болып жұмыс істейтін қандасымыз Тілек Зейнуллаев айтты.
– Меніңше, біріншіден, біздің елдің әлеуеті өте зор. Бізде әлемге өзгеше көзқараспен қарайтын қабілетті, ақылды ұрпақ өсіп келеді. Бірақ сонымен қатар бізде үлкен проблемалар бар. Меніңше, мәселені шешудің алғашқы қадамы – оны мойындап, ашық айту. «Біз ұлы дала өркениетіміз, Мәңгілік елміз деп» кеуде соғып, кейін жыртығымызды жамап отырғанымыздың несі мақтаныш? Елдегі түйткілді мәселелерді жасырмау керек. Ашық шығып: «Біздің үлкен әлеуетіміз бар, бірақ үлкен мәселелеріміз де бар. Бірнеше жыл шыдамдылық танытып, оларды шешуіміз керек. Мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынасты өзгертуіміз қажет», – деп айту керек, – деп есептейді ол.
Зейнуллаевтың айтуынша, әркім өз деңгейінде елдегі проблемаларды шешуге үлес қосу керектігін түсінуі керек.
– Адамдар неге мемлекет олардың барлық мәселесін шешуі керек деп ойлайды? Бұл – Кеңес одағынан қалған жаман ауру. Әр адам өз мәселесін өзі шешуі керек. Мемлекеттің рөлі – ойын ережелерін реттеп, кедергі келтірмеу. Адамдар өздері дамып, алға жылжып, мақсаттарына жетуі тиіс, – деді ол.
ӨМІРШЕҢ ИДЕОЛОГИЯ ҚАЖЕТ
– Иә, елде белгілі бір идеология болуы керек… Америкалықтарда «америкалық арман» деген бар. Бұл идеямен бәрі келіспеуі мүмкін, бірақ ол бар, оны барлығы біледі. Ал қарапайым қазақ қойшысы немесе орта шаруа адам үшін бізде қандай идеология бар? Қазақтарды, қазақстандықтарды біріктіретін ортақ идеология бар ма? – деді Зейнуллаев.
Оның пікірінше, Қазақстанға шынайы әрі өміршең идеология қажет.
– Бізде адамдар таңертең тұрып, жұмысқа не үшін баратынын, ұлт ретінде не үшін өмір сүріп жатқанымызды түсіндіретін идеология болса керемет болар еді. Біздің үздік 30 елдің қатарына кіру мақсатымыз идеология ма? Немесе біз артымызда мықты ел қалдырғымыз келе ме?
Мүмкін, біздің идеологиямыз – балаларымыз үшін мықты ел құру, ұрлық жасамау, олардың болашағы үшін керемет жолдар салу болуы керек шығар. Бүгінгі күні біз өз игіліктерімізді құрбан етсек те, келер ұрпақ керемет елде өмір сүрсе дейміз. Бұған жету үшін білімге инвестиция салу керек. Тек кітаптарды жаттау емес, адамдарды ойлануға және пікір айтуға үйрету маңызды, – деп түйіндеді ол.
Толық сұхбатты Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасынан көруге болады.