«Сыни тұрғыдан ойлана алмайды»: Депутат оқушылардың ChatGPT-ді пайдалануын сынға алды

0

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов премьер-министрге сауал жолдап, оқушылардың жасанды интеллекетіні қолдануын бақылауға алуды ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат өз сауалында азаматтар қай жерге барса да, биометриялық деректерін қалдыруға мәжбүр екенін, бас тартса, банкте немесе ауруханада қызмет ала алмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осылайша азаматтар еркінен тыс жеке деректерін өткізуге мәжбүр дейді. Ал жариялық келісімдерге сәйкес, байланыс операторлары мен банктер азаматтардың жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға еш шектеусіз бере алады.

“YouTube секілді танымал әлеуметтік желілер қаржы пирамидасының жарнамаларына толы, өз жарнамасында олар белгілі адамдардың түрі мен даусын қолданады. Осылайша адамдардың биометриялық деректері қылмыстық мақсатта пайдаланудан қорғалмағанын көріп отырмыз. Бүгінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері өте көп. Бір ғана фотоматериалға қол жеткізсе болғаны, бұл азаматтың шынайы биометриялық картинасын дайындауға жеткілікті. Бұл ұзақ уақыттан кейін іске қосылатын бомба секілді. Қазір еш бақылаусыз бейне бақылау камералары орнатылады. Мұндағы материалдарды сақтау және қолдану мәселесі де бақыланбайды. Азаматтарымыздың киберқылмыс алдында қауқарсыз екенін көріп отырмыз”, – дейді депутат.

Сондай-ақ Магеррам Магеррамов балалардың жасанды интеллектіні қолдануына да назар аударуға шақырды.

“Білім алу барысында балалардың жасанды интеллектіні бақылаусыз қолданып жатқанына да көңіл бөлу керек. Қазір мектеп тапсырмаларының жауабын дайындап, романдардың қысқаша мазмұнын жасап беретін ChatGPT жасанды интеллекетісі аса танымал. Білім алудағы бұл әдістің кесірінен сыни тұрғыдан ойлана алмайды, білім сапасына кері әсер етіп, күрделі сұрақтардың жауабын өзі таба алмайды. Осындай қарқынмен біз елдің интеллектуалды келешегінен айырыламыз. Тез шешім қабылдап, күрделі мәселенің жауабын ұсына алмайтын ұрпақ қалыптастырып жатырмыз”, – деді ол.

Өз сөзінде Магеррам Магеррамов Еуропарламентте жасанды интеллектіні қолдануға қатысты заң қабылданғанын айтты. Ал Аустралия мен АҚШ-та әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты шектеу енгізілген екен.

Сондықтан депутат білім беру орындарында жасанды интеллектіні пайдалануды зерттейтін заңнамалық акт қабылдауды ұсынып отыр. Сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін жинау және өңдеуге қатысты әділ механизм құру керек деп есептейді.