Мемлекет басшысы Бибігүл Төлегенованы мерейтойымен құттықтады
16 желтоқсанда аты аңызға айналған опера әншісі, актриса, педагог Бибігүл Төлегенова туған күнін атап өтті. Биыл халық әртісі, «Отан» орденінің иегері 95 жасқа толды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Бибігүл Ахметқызын осындай айтулы күнмен құттықтауға Алматы әкімі Ерболат Досаев келді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Президент құттықтау хатында ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерінің еңбегін атап өтіп, оның өнері жас ұрпаққа шабыт беріп, ел мақтанышына айналғанын жеткізді.