Ел бірлігі қиындықты еңсереді

0

Елімізде көктемдегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай баршаны алаңдатқаны рас. Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ірі табиғи апаттың салдары да салмақты болды. 2 мыңнан астам тұрғын үй мен 7 мың саяжай зардап шекті. Қазақта қасиетті саналатын қара шаңырақты тастап, отандастарымыздың қабырғасы қайысты. Алайда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін дәлелдедік. Бұл жерде Президенттің елді ұйыстыра алуы маңызды рөл ойнайтынын көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деп атап өткен болатын. 

Сындарлы кезде билік шет қалмады, халық та көмекке кірісті. Кәсіпкерлік саласындағы азаматтар да қайырымдылықтан қалыс қалмай, 250,5 миллиард теңге жинады. Игі іске үлес қосқандар қатарынан «World Green Company», «Jusan Bank», «ERG» тобы, «Базис-А» тобы, Samruk-Kazyna trust, «ҚазМұнайГаз», «Қазмырыш», «Halyk Bank», «Kaspi», «Қазақстан халқына» қоры, «Жайық Мұнай», «Рамс-Қазақстан», «Халық» қайырымдылық қоры және басқа да бірқатар ұйымдар көрінді.  Жақсылық жасап жарысқандардың ішінде Мухамед Избастин, Айдын Рахымбаев, Андрей Лаврентьев, Нұрлан Смағұлов, Қайрат Итемгенов, Алмас Сұлтанғазин, Нұрлан Артықбаев, Бақытжан Байсейітов, Еркін Тәтішев, Данияр Әбілғазин мен Бахридин Абылазимовтер бар.

Соның ішінде көпке үлгі боларлық бастамалардың астын сызып көрсетуге болады.  Мысалы, Мухамед Избастин «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 450 миллион теңге аударды. Ел қамын ойлаған кәсіпкер бірлескен күш арқылы сынаққа төтеп беретінімізді айтып, жаны жүдеген жандарға жылы сөзін де аямады.

«Су тасқыны салдарынан Қазақстан аумағының біраз бөлігі зардап шекті. Қазір үлкен су шегінді, бірақ мәселе түгел жойылған жоқ. Оларды бірлесіп шешеміз. Халқымыздың ерекше тұсы да бірлікте», деді Мухамед Избастин.

Ал меценат Андрей Лаврентьев қостанайлық машина жасаушылардан аймақты эвакуациялауға және көмек көрсетуге 250-ге жуық адамды жұмылдыруға атсалысты. Мұнымен шектелмей, «Allur» зауыты арнайы техникалар бөлді: 11 автобус, 15 самосвал және 3 алдыңғы тиегіш. «AGROMASH» зауыты жатақханада зардап шеккендерге баспана берді. Кәсіпкерлер тек ақшамен ғана емес, басқа да материалдық игіліктер түрінде де көмек көрсетті. Осылайша, үндеуге үн қосқан көптеген кәсіпкерлер қайырымдылыққакүткеннен әлдеқайда көп қаражат жинақтады. Қорға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Eurasian Resources Group» тобы, Василий Анисимов, «ArcelorMittal Netherlands B.V.» тобы, «KAZ Minerals» Тобы, «Қазмырыш» тобы, «Халық» қоры, Болат Өтемұратов қоры, «Kaspi.kz», «Астана Моторс», «Банк Центр Кредит», «Lancaster Group Kazakhstan» және басқалар қомақты қаржы құйды.

Бүгінде «Қазақстан халқына» қоры 17 қайырымдылық бастама мен бағдарламаны жүзеге асыруға бел буа кіріскен. Қайырымдылық бағдарламаларының санын екі есеге арттыру да алда межеленген жұмыстың бірі. Бұған қоса әлеуметтік жауапты бизнес қордың мұқтаж жандарға көмек көрсету жөніндегі бастамаларын дамытуға мүдделі.

Сөз түйін. Global Philanthropy Index немесе World Giving Index сияқты елдерді қайырымдылыққа қатысу дәрежесі бойынша бағалайтын жаһандық индекстерде Қазақстанда қайырымдылық көрсеткіші өсіп жатырғанын байқаймыз. Осыған қарап, өзгеге қол ұшын созу, кез келгенді құдайы қонақ деп қабылдап, асарлату – біздің қанға сіңген қасиетіміз.