«Еркектер неге қартаяды?»: Бұған дейін «көбейгісі келетінін» айтқан депутат тағы да күлкіге қалды
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына арналған жұмыс тобының отырысында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жануарларды ұрықсыздандыруға неліктен қарсы екенін айтып, күлкіге қалды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Анас Баққожаев кастрация жануарлардың өмірін ұзартады дегенге келіспейтінін жеткізді. Айтуынша, мұның екі себебі бар.
“Біз сау жануарға ота жасап, бірнәрсесін алып тастасақ, ол мүгедек болып қалады. Бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл біріншіден. Екіншіден, еркектер неге қартаяды? Өйткені уақыт өте, жасымыз 50-60-қа таяғанда біздің гормонды белсенділігіміз төмендейді. Сондықтан қартаямыз. Бұл жерде өмірді ұзарту туралы сөз де болмауы керек. Ұрықсыздандыру жануардың, әсіресе еркек жануардың өмір ұзақтығына ешқандай әсер етпейді. Егер менің аталық ұрық безімді кесіп алып тастаса, Құдай сақтасын, ыңғайсыз әрине, бірақ айтуға тура келіп тұр, мен өзімді сау адам деп есептемеймін. Мен – мүгедекпін. Мұны адамгершілік деп есептеу дұрыс емес. Сондықтан меніңше, белгілі бір агрессияны басу үшін кастрацияны қарастыруға болады. Бірақ бұл кешенді шешім емес. Өйткені тамаққа байланысты агрессия болуы мүмкін. Яғни, ит аш. Агрессияның басқа да түрлері бар. Сол себепті мұндай мәселеде мамандармен кеңесу керек”, – деді депутат.
Бұған дейін Анас Баққожаев өзінің “көбейгісі келетінін” айтып, үй жануарларын стерильдеу әдісінің тиімділігіне күмәнмен қараған еді.