Марқұм Шерзаттың әкесі қолына пышақ ұстап, журналистердің келуін талап етті (видео)

0

Қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етті. Газельдің үстіне шыққан Қаржаубай журналистер келмеген жағдайда өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews. kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ТikTok желісінде «Бакося» есімді аккаунттан Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт тікелей эфирге кіріп, оқиғаны түсірді. Видеода Қаржаубайдың жүк көлігінің төбесіне шығып, журналистермен кездесуді талап еткені көрінеді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы оқиға орнында күштік құрылым қызметкерлері, азаматтық тұлғалар, оның ішінде марқұм жасөспірім мен оның ағасының туыстары жиналған.

Оқырмандардың бірі редакцияға оқиғаның қалай болғанын қысқаша баяндап берді. Оқырманның айтуынша, Қаржаубайдың жалғыз талабы – құқық қорғау органдары ұлы мен інісінің өліміне қатысты жағдайды адал тергеуі.

«Видео толық түспей қалды, бірақ Қаржаубай газель көлігінің төбесіне шығып айқайлап жатты. Жан-жақтың бәрін полиция қызметкерлері қоршап тұр. 1-2 минуттан кейін Қаржаубайды жерге құлатып түсіріп, сол жерден эфир үзіліп кетті. Туысқаны емеспін тек қолдаушысымын. Бірақ мына эфир әрі кетсе 5 минут қана ашылып үзіліп кетті. Бірақ сол 5 минутта 15 мыңнан аса адам көріп отырды», – деп жазды редакцияға оқырмандардың бірі.

Видеода көлік үстінде Нұрымовпен бірге бір әйелдің де отырғаны көрінеді. Видеодан Қаржаубайдың қарындасы Бақыттың ағасын ұрмауын өтініп, айғайлап жатқаны естіледі.

Алматы полиция департаменті осы жағдай бойынша түсініктеме берді. Олардың айтуынша, оны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұстап алып кеткен.