«5-6 жылдан кейін қайтып келеді»: Айқын Төлепберген өнерді тастап, дін жолына түскен әріптестеріне қатысты пікір білдірді
Танымал әнші Айқын Төлепберген өнерді тастап, дін жолын таңдаған әріптестерінің таңдауына қатысты ойын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі өнердегі талантты достарының дінге кетіп қалғанына өкінетінін “Замандас”подкастында айтып берді.
“Бұрын да намаз оқып, сахнада ән айтып жүргендер болған. Бірақ бүгінгідей белең алып тұрған жоқ еді. Жақын араласатын достарым музыканы тастап, кетіп қалған. Менің түсінгенім, өнерді дін үшін тастап кеткендер 5-6 жылдан кейін қайтып келеді екен. Бірақ бұрынғыдай болмайды. Күні кеше өткізген тойыма бұрынғы продюсерім Ерік Тастамбеков келген жоқ. “Той жасау –харам, мен бармаймын” деп айтты. Ол жақта дінге қайшы ештеңе ұйымдастырылған жоқ. Сонда да келгісі келмеді. Домбыраны харам дейтіндер шықты. Алдымен, мен – қазақпын. Домбыраны қазақтан бөлу – мүмкін емес. Музыканың өзін құдай жаратты. Кез келген дүниеде баланс болуы керек. Қатты кетіп, басқаны құнсыздандыруға болмайды. Жақында университетте бірге оқыған досыммен ренжісіп қалдық. Ол менің өнерімді харам деп, парақшамнан шығып кетті. Маған сол қатты соққы болды. Дін үшін 20 жылдық достығымызды ажыратты”, – деді әнші. Сондай-ақ Айқын өзін той әншілерінің қатарына жатпайтынын да ескертті.
“Менің репертуарымда тойға арналған әндер жоқтың-қасы. Сондықтан мен үнемі тойға шығамын деп айта алмаймын. Бір күн той болса, екінші күні корпоратив кешке қатысамын. Одан кейін осындай сұхбаттар мен подкастарға шақырады. Ал мен тойдың әншісі болсам, күні-түні тек тойда жүретін едім. Қазіргі жастар тойдың гонорарын бес миллионға дейін көтеріп жіберді. Менің бағам – 2 миллион 500 мың теңге. Негізі бағаны той нарығы шешеді”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, «Тұрмыс құруына рұқсат бердім» деп Айқын Төлепберген бірінші әйеліне қатысты пікір білдірген еді.