«Тамаша» театрына — 45 жыл: Алматының Республика сарайында шоу-концерт өтті

0

Алматыда «Тамаша» әзіл-сықақ театрының 45 жылдығына арналған шоу-концерт өтті. 1978 жылы құрылған өнер ұжымының астарлы әзілін, уытты қойылымдарын тамашалауға келгендердің қатары қалың болды. Тамаша актерлері қоғамдағы түрлі келеңсіз жағдайларды әзілге айналдырып, жиналғандардың езуіне күлкі үйірді. Республика сарайындағы ерекше атмосфераны Кazinform фототілшісі түсіріп алды.

«Тамаша» — 45 жаста! Әзіл театрларының атасы атанған ойын-сауық отауының мерейтойына көрермен көп жиналды. Залда ине шаншыр жер болмады. Сахна шымылдығын Тұңғышбай Жаманқұлов пен Лидия Кәденова ашты.

— Тамаша 45 жасқа толды. Осы айтулы күнді ерекше атап өтіп жатырмыз. Мен үшін «Тамаша» әзіл-сықақ театрының орны ерекше. Оны мына көрермендер де жақсы біледі. 30 жыл осы сахнада өнер көрсеттім. Осы керемет театрдың арқасында танымал болдым, өнерім шыңдадым. Бүгін мінекей жастармен бірге саханаға шығып жатырмыз. Өте қуаныштымын — дейді актриса.

Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова, Асылбек Боранбай, Марат Көккөзов, Нұржан Тұтов көрермендерге әзіл-қалжыңын айтып, көңілдерін бір желпіндіріп тастады.

— Тамаша болады дегенді ести сала, билет алдық. Кеш керемет өтті. Бүгін республика сарайына жиналған қауым ерекше ностальгияға бөленді деп ойлаймын. Актерлердің өнерін тамашалап отырып, бұрынғы кездер көз алдыма елестеді. Сағынып қалыппыз, — дейді алматылық көрермен Рәзия Қыдырбайқызы.

Жүздеген талантың жұлдызын жаққан «Тамаша» әзіл-сықақ театрының мерейтойына арналған кеште Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Ұлықпан Жолдасов, Тамара Асар, Толқын Забирова сынды әншілер мен «Дос-Мукасан», « Үркер» тобының орындауындағы әндер кештің ажарын аша түсті.

— Қазір жас әзіл-сықақ театры көп. Бірақ, тамашаның орны бөлек. Бүгін біздің сүйікті тамашамыз қайта оралды. Тамашаның саханасын сағындық. Тамаша жасай берсін, — деді Роза Рымбаева.

Астарлы әзіл, ой саларлық қалжыңымен көрерменнің жүрегінен жол тауып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген театрдың кешіне келген өнер сүйер қауым қимастық көңілмен тарқасты.

Думанды кештің телевизиялық нұсқасын алдағы уақытта «Jibek Joly»
арнасынан көруге болады.

Еске салайық, 30 қарашадан бастап Jibek Joly телеарнасынан аты аңызға айналған «Тамаша» туралы сериал көрсетіле бастады.

Сериал қазақ халқының ең танымал театрының тарихында болған барлық маңызды оқиғаларды, танымал кейіпкерлермен, интермедиялармен және музыкамен көрсетеді.