Астанада 1 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталған Болат Мажағұловтың соты басталды
Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажагұлов пен мердігер ұйымның өкіліне қатысты сот ісі басталды. Олар 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп күдікке ілінген. Бұл қылмыс Есіл өзенінде орналасқан «Күн» фонтанының құрылысымен байланысты. Ол 2017 жылдан бері жарамсыз күйде тұр және жұмыс істемейді. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Қаржыны жымқырды деп күдікке ілінген мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажагұловтың соты басталды. «Nege Aqsha» тelegram-арнасының мәліметінше, фонтан жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамасыз салынған. Құрылыс кезінде сапасыз материалдар қолданылып, олар техникалық сипаттамаларға сәйкес келмеген. Мажағұловпен бірге сот алдында Мади Қанапин де тұр. Ол сыбайлас ретінде айыпталып жатыр. Сонымен қатар оның атымен бірқатар компаниялардың басшысы ретінде тіркелген тұлға бар. Мажағұловтың қорғаушылары оның қамауда ұстау шарасын үйқамаққа немесе келу міндеттемесіне ауыстыруды сұрады. Алайда прокурор мен басқа айыпталушының қорғаушысы бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды талап етті.
«Себебі Мажағұлов Б.Б. ауыр қылмыс бойынша айыпталып, ал Қанапин М.С. қылмыс жасауға көмектескені үшін айыпталып отыр. Сонымен қатар Мажағұлов Б.Б. тергеу кезінде қашып кетуге әрекеттенген. Ол тергеушімен бетпе-бет кездесуге келмеген және шетелге ұшуға билет алған», – деп хабарланды.
Айта кетейік, айыптау актісі жарияланғаннан кейін айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Сонымен қатар Болат Мажагұловтың мүлкіне, соның ішінде Астанадағы 3 коммерциялық ғимарат, 2 автотұрақ орындары және премиум класты пәтеріне тыйым салынды.