ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ СЫЙ | «Айқын» газеті

0

Ата-бабаларымыз  армандаған азаттығына қол жеткіздік. Ұлы дала жерінде, Тәуелсіз Қазақ елінде  егемен ел болдық. Езілген еңсе көтерілді. Бүгілген тізе жазылды. Елбасының табанды талабы, елге деген тілеуқор ниеті қоғамдық татулық пен тұрақтылықтың, ұлт пен ұлыс  бірлігінің, діндер дидарластығының негізгі Темірқазық ұстанымына айналды.

Осыдан бір ғасыр бұрын 1917 жылдың 12 желтоқсанында, Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш Орда үкіметі құрылды. Көрнекті Алаш өкілдерінің бірі Халел Ғаббасұлы «Егер әркім өз басын күйттеп, ешкім ешкімге бағынбаса, азамат соғысы басталып кетуі мүмкін. Анархия толқыны мемлекеттің бүкіл аумағын шарпып барады. Үлкен қалалар, шағын ауылдардың бәріне кірді. Қазақтар тұратын мекенге баса-көктеп кіру алдындағы монархия адамдардың өміріне, мүлкі мен үйіне қауіп төндіреді. Адамдар қорғансыз қалды. Осындай күрделі кезеңнен шығудың бір жолы – қазақтың аудандары мен облыстарында іргелі мемлекет құру. Егер анархия қазақ облыстарын шарпып кетсе, қазақ халқына толығымен құрып кету қаупі тууы мүмкін. Сондықтан қайғы-қасірет­тен сақтау үшін халықтық әскер – халық мили­циясын құру керек», – дейді. Алаш қайрат­керлерінің мақсаты ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізу, қазақ қоғамын заманға сай жаң­ғырту болды. Алаштың мемлекеттік идеясы, өкінішке қарай, жүзеге аспай қалды.
«Алаш қозғалысының XX ғасырдың ба­сын­дағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құ­қықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі – елге қызмет етудің жар­қын көріністерінің бірі. Алаш қозғалысы­ның пассионарлық идеялары біздің ата-баба­ла­рымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары ар­ман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостан­дығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Елі­міз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төл тума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы шекараны шегендеді. «Тұрымтай тұсымен, бозторғай басымен кеткен» кер заманда жалпақ әлемге шашыраған қазақ баласын бір шаңырақтың астына жинады. Айбынды қазақ әскері құрылды. Ұлттық экономиканың тұғыры бекіді. Қазақ тілі қалың қыспақтан құтылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен саңқылдаған қазақ үні естілді. Тарихымыз тереңге тамыр тартты. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы шетел­ден қазаққа қатысты тың дүниелерді, тығылған мұраларды қайта аршыдық. Қазақ мемле­ке­тінің тарихы ғұн, сақ заманынан басталатыны дәйек­телді. Бас-аяғы 27 жылдың ішінде алма­ғайып заманда татулық пен тұрақтылық, ын­ты­мақ пен ырыс ұясына айналдық. Бір ғасырға бергісіз уақыт ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал шешім­дерінің арқасында әлемге танылдық.
Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Ең тәтті сый. Дәмнің тіл үйіретіні қалай болса, Тәуелсіздік деген сөз де бүгінгі ұрпақ үшін сондай қастерлі де қадірлі. Таяуда комсомолдың жүз жылдығы тойланғанда тәуелсіз жас ұрпақ осынау шараға қасқайып қарсы тұрды. Өткеннің өткелегі соншалықты жат және жеккөрінішті көрініс екенін, егемен елдің жас буыны сарқыншақ сарқытты қабылдамайтынын көрсетті. Бұл – сана азаттығының дәлелі.
Аяқ-қолы тұсаулы, тілі байлаулы кердең кезеңнен барынша еркін, кең тынысты, кемел жүрісті заманға бет алып барамыз. Аллаға шүкір дейік! Ел аман болса, қазақтың да дегені болар, кедені толар, ортасы оңар, бақ-дәулет қонар!

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын