Баян Алагөзова, Кәмшат Жолдыбаева, Мәди Рымбаевтың стильдері

0
Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

208 0 0

Биыл көптеген қазақстандық танымал жұлдыз алғаш рет шашының түсі мен ұзындығын өзгертті

АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Соңғы уақытта әншілер репертуарларының саналуандығымен ғана емес, образдарын жиі өзгертуден жарысып жүр. Әсіресе, жас буын шаш түсін өзгертіп, look таңдауда барынша батылдық көрсетуде. Олай болса, Sputnik Қазақстан назарларыңызға 2018 жылы жұрттың есінде қалып, ең көп талқыға түскен жұлдыздар образын ұсынады.

Қазақ шоу бизнесінде әртүрлі стильде киініп, шаш үлгісін жиі өзгертетін жұлдыздар арасында Кәмшат Жолдыбаева көш бастап тұр. Биыл 30 жас мерейтойын атап өткен әнші дене бітімінің артықшылықтарын айшықтайтын киімдер киюден қорықпайды. Әр концерт пен түсірілімге дерлік жаңа образ әзірлеп отырады. Look таңдау мәселесіне келгенде туған сіңлісі «Джейран» тобының солисі Алтынай Жолдыбаева мен кәсіби мамандар көмегіне жүгінеді.

Алқызыл комбинезон мен осы түстес кроссовкасы — әншінің жұрт есінде қалған атышулы образдардың бірі. Себебі, бұл уақытқа дейін Кәмшат Жолдыбаева тек өз жасына лайық образдар таңдауға тырысатын. Бұл жолы бір көргеннен әлемге өзі туралы жар салудан қорықпайтын жасөспірім қызбен шатастырып алуға болатындай. Сондай-ақ, желі қолданушылары осы комбинезонның денесінің көп бөлігін ашып тұратыны үшін сынаған-ды.

Кекіл және қалың, қара, ұзын шаш — бұл Мәдина Сәдуақасова образының басты ерекшелігі. Тыңдармандарының осы шаш үлгісіне үйреніп қалғандары соншалық, әнші енгізген өзгерісті бірден байқайды. Мәдина Сәдуақасова, алдымен, кекілімен қош айтысты. Кейін шашын қоңыр түске бояп, ұзындығын қысқартты. Мұндай өзгерістерді тыңдармандары бірден қабылдай алмағаны байқалады. Себебі, әлеуметтік желідегі парақшасында әртүрлі сипаттағы пікір жазылған. Бірі жаңа шаш үлгісі жарасады десе, екіншілері керісінше бұрынғысынан артығы жоқ екенін жазып жатыр. Сондай-ақ, әнші өзінің фирмалық кекілін қайтарған-ды.

Ерке Есмахан да шашына көп өзгеріс енгізе бермейтін жұлдыздар қатарынан. Осы уақытқа дейін тек ұзын қара шашпен жүретін. Биыл өміріне өзгеріс енгізгісі келсе керек, шашын алғаш рет қанық қызыл түске бояды. Психолог мамандар мұндай түсті әдетте күш-қуаты мол, энергиясы тасып тұратын және жұрттың назары тек өзінде болғанын қалайтын адамдардың таңдайтынын айтады. Әнші әдеттегідей күнделікті өмірде де, сахнаға шыққанда да бір-біріне мүлдем ұқсамайтын образдарды таңдайды. Бірақ жұрттың есінде қалып, көп талқыға түскен образы — балық қыз пішініндегі қанық қызыл түсті көйлек болды. Бұл көйлек әншіні ұстамды етіп көрсетіп, денесінің барлық артықшылығын айшықтай түскен. Әсіресе, қыпша белі мен аққу мойнын көрсету үшін таптырмас көйлек.

20 жастағы Мақпал мен бүгінгі Мақпалдың айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын шашы қара, ұстамды, эксперимент жасауға батылы бара бермейтін қыз болса, қазір керісінше. Әнші ай сайын шаш үлгісін ауыстырады десек те болады. Көпшілік оны Beyonсe, JLo секілді шетел әншілеріне ұқсатады. Десе де, Мақпал Исабекованың өзі әлеуметтік желідегі парақшасындағы әр жазбасында ешкімге ұқсамауға, жұрттың пікіріне назар аудармауға шақырады. Соңғы жылдары ашық-шашық киімдермен түскен суретін жиі салатын әншіні өзін байсалды етіп көрсететін образда көру — сирек құбылыс. Десе де, «Қазақстан дауысы» байқауына төрешілік еткен кезде таңдаған образдары барынша әдемі. Желі қолданушылары әншінің дәл осылай өз жасына лайық көйлектерін кигенін сағынып қалғандарын жазып жатыр.

Шымкенттік сұлу Назиманың әрбір сахналық образы ерекше — бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әнші сұхбаттарының бірінде «Мен біреуге ұнап қалғандықтан емес, өзімнің тынымсыз еңбегімнің арқасында осы деңгейге жетіп отырмын» деп айтқан-ды. Яғни вокал жағынан ғана емес, киім таңдауға да өзі ерекше мән береді. 2018 жылы әншінің «Песни на ТНТ» байқауында «Бабл Гам» атты әнді орындаған кезде киіп шыққан киімі мен шаш үлгісі жұрттың есінде ұзаққа дейін сақталды. Себебі, осы күнге дейін тыңдармандары әнші қызды тек тырысқан, қара немесе сұр түсті көйлектерде немесе қысқа шортымен көретін. Ал бұл жолы әнші өзіне жасанды кекіл қойдырып, ұзын көйлек киді. Сұлулығы Мысыр патшайымдарымен пара-пар.

Баян Алагөзова сұхбаттарының бірінде жұрт алдында жарқырап жүргенімен, күнделікті тұрмыста көп көзге түсе бермейтін образдарды таңдайтынын айтқан-ды. Қалай десек те, продюсердің кез келген образына халықтың көзі үйренген. Алайда биыл алғаш рет Баян Алагөзова шашының ұзындығы мен түсін түбегейлі өзгертті. Бұрын-соңды ол әйелдің басты сұлулығы шашында екенін және шаш күтіміне ерекше мән беретінін айтқан-ды. «Сиситай» мюзиклі барысында ол шашын бірнеше түске бояды. Осының салдарынан шашы бұзылып, бұрынғы сұлулығын қалпына келтіре алмады. Кейін шашын иығына дейін қысқартып, кекіл қойды.

Ninety one тобы әншілері образдарын жиі өзгертетіні соншалық, иглздар оларды талқыға салып үлгермей жатады. Сол себепті топ әншілерінің шаштарының табиғи түстерін қалыпқа келтіріп, классикалық стильде киінуі — таңғажайып құбылыс іспеттес. Желі қолданушылары Әлемнің қараша айында жүктеген суретіне жарыса пікір жазып, ғашық болып қалғандарын жеткізген-ді. Себебі үнемі өлшемі үлкен футболка мен толстовка киіп жүретін әнші алғаш рет классикалық образдағы суретін жүктеді. Сондай-ақ, әнші көптен бері алғаш рет шашының табиғи түсін қайтарды. Әлемнің таңдауы классикалық образға түсіп жүрген жалғыз сәт бұл емес. Ол сондай-ақ Алматы қаласында өткен сән апталығына және фильмдерінің тұсаукесеріне классикалық стильде киініп барған-ды.

Луина жан-жақтылығымен танылып үлгерген әншілердің бірі. Жуырда ол КВН ойындарында «Вашей маме зять не нужен» командасына қолдау көрсету үшін финалға қатысқан болатын. Әншінің осы кездегі образы қызу талқыға түсіп, жұрттың сынына ұшырады. Әсіресе жігіт қауымы оған инабатты болып, тым ашық киінбеуге кеңес беріп жатты. Арасында ауыр сөздер жазып балағаттағандар да болды. Луина сұхбаттарының бірінде омырауын жасанды жолмен үлкейткенін айтып мақтанған болатын. Бүгінде әрбір образы арқылы осы артықшылығын көрсетуге тырысатын секілді.

Биыл мамыр айында Айдана Меденова кореялық компаниядан шақырту алып, Сеул қаласына түсірілімге барды. Әншінің өзі осы кездегі макияжының ерекше болғанын айтады.

«Жұмыс барысында кәріс визажистерді жіті бақылап, сән саласында өзіме көптеген жаңалық аштым. Кореяда образдың табиғи әрі шынайы болуы — сұлулық кепілі», — деп жазды Айдана Меденова Instagram парақшасында.

Әншінің сұлулық салоны мен киім тігетін ательесі бар. Сол себепті қалай киініп, қалай боянатынын әдетте өзі шешеді. Десе де, Сеулдегі образы бұрынғысынан өзгеше болды. Себебі шетелдік визажистер алқызыл түсті опаны көп пайдалаған. Ал желі қолданушылары өз кезектерінде бірауыздан осы образының ерекше ұнап қалғанын жарыса жазып жатты. Сондай-ақ, ақ түсті көйлегі де өзіне құйып қойғандай.

Майкл Джексонның суреті бар жағасы ұзын водолазка, пиджак, ақ шалбар және кроссовка — Мәди Рымбаевты мұндай образда бұрын-соңды ешкім көрмеген болар. Себебі, Q-pop бағытында ән салуды жөн көрген жас әнші тек кэжуал стилінде киініп, арасында образын былғары күртемен толықтыратын. Соңғы образдары бозбаланың есейгенін байқатады. Сондай-ақ, әнші рэп орындап, сахнада ағасымен бірге би билеп жаңа қырынан танылып жүр. Шашын осы бағытта ән салатын әріптестері секілді боямаса да, кекіл қою мәнері ерекше: шашының үстіңгі бөлігі қалың және жұқа кекілі көзді жауып тұрады. Қалай болғанда да бұл әнші жігіттің стилінің өзгеруінің бастамасы ғана сияқты.

Ал сіздерге қай жұлдыздың образы көбірек ұнайды? Ер азаматтардың жиі шаш бояғанына көзқарасыңыз қандай?


Дереккөз: https://sputniknews.kz/