Instagram желісінде қазақстандық әндер жоғалып кетті: Әділет министрлігі Meta-мен келіссөздер нәтижесі туралы айтты
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Facebook пен Instagram-да қазақстандық музыканың жойылып кету жағдайына түсініктеме берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ботагөз Жақселекованың айтуынша, мұның себебі Мeta мен қазақстандық ұйымдардың бірі арасында құқықтарды ұжымдық басқару (өтемақы) бойынша уағдаластықтардың болмауына байланысты.
«Бұл Meta мен қазақстандық авторлар арасындағы байланысқа орай. Авторлар саны көп болғандықтан құқықтарды қорғау ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдармен реттеледі. Meta мен біздің ұйымдардың бірі қараша айының соңында келіссөз жасады. Алайда олар шартты ұзарту аясында өзара түсіністікке қол жеткізе алмады. Бұл тарифтік ставкалар, сыйақы төлеу мөлшері мәселелеріне байланысты болды. Осы себептерге байланысты келісім ұзартылған жоқ. Біз бұл дауды мүмкіндігінше шешуге тырыстық. Бірақ біз де нәтиже болмады. Өйткені біздің ұйымда да өз принциптері бар. Meta-ның да өзінің ұстанымдары бар», — деді Жақселекова.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда 10-нан астам мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаратын ұйымдар бар.
«Бізде 15 ұйым бар. аАл басқа елдерде мұндай тек 1 немесе 2. Meta-ның кімдермен жұмыс істегісі келетіні түсінікті болғандықтан, басқа ұйымдар да қазір келіссөздерге шықты. Бәсекелестік жағдайында шарттың талаптары талқыланып, белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткізіледі деп сенеміз. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп үміттенеміз», — деп қосты ол.
Алайда қазақстандық орындаушылардың музыкасын бұл әлеуметтік желілерде пайдалануға рұқсат берудің нақты мерзімдерін атай алмады.
Еске салсақ, бұған дейін Instagram желісіндеқазақстандық әртістердің музыкасы жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Бұған Қазақстан авторлар қоғамының талаптары себеп болған.