Ресей жүйесіне шабуылдан соң қазақстандықтардың мәліметі тарап кетті — Айдос Сарым не дейді?
Қазақстандық шенеуніктердің, бизнесмендер мен депутаттардың мәліметтері «Сирена-Тревел» ресейлік жүйесін бұзғаннан кейін желіге таралып кетті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.
«Біздің тек депутаттардың ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің, бизнесмендердің және жеке тұлғалардың қозғалысына қатысты мәліметтер жарияланған. Мәліметтер өте көп мөлшерде таралған. Миллиондарға дейін жетуі мүмкін, менің естігенім солай», – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
2023 жылдың сәуірінде украиналық Muppets хакерлер тобы «Сирена-Тревел» ресейлік компаниясының деректер базасын бұзғаны белгілі болды. Бұл база жолаушылардың және олардың сақтандыруы туралы мәліметтерді қамтыған. Ал күзде Leonardo брондау жүйесінде ақаулар тіркелді.
2007-2023 жылдар аралығындағы мәліметтер интернетке тарап кетті. Бүгінде сол мәліметтер арасында Air Astana, Scat, Qazaq Air және Bek Air секілді қазақстандық әуе компанияларының ел ішіндегі рейстер тарихы да бар екені анықталды. Сондай-ақ, қазақстандықтардың ресейлік әуе компанияларымен халықаралық рейстері туралы деректер де базаға енген.
Айдос Сарым бұл жағдайға наразылық білдіріп, оның Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын бұзатынын айтты.
«Бұл мәселемен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айналысуы тиіс деп санаймын. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдау қажет. Бұл өте өрескел жағдай. Біздің қарапайым азаматтар, бизнесмендер және депутаттар жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығына ие. Біздің құқық қорғау органдарында бұл мәселені шешу үшін барлық заңды құралдар бар. Енді олардың қаншалықты тиімді қолданылатыны маңызды. Біз нормативтік актілерді қабылдаған кезде, олар жұмыс істейді және тиісті шешімдер қабылдай алады деп сендірген еді», – деді депутат.
Сондай-ақ, Айдос Сарым мәліметтер таралуына өзінің де ілінгенін атап өтті. Бірқатар Мәжіліс депутаттары бұл мәселеге қатысты Бас прокурорға жүгінуді жоспарлап отыр.