ЕРЕН ЕҢБЕККЕ – ЛАЙЫҚТЫ БАҒА
Дәстүрге сай еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында белсенділігімен көзге түскен қызметкерлер мемлекеттік және партиялық наградалармен марапатталды. Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.
Марапат иелерін қуаныштарымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Тәуелсіздік күнінің мәні мен маңызына назар аударды.
– Тәуелсіздіктің 27 жылында еліміз барлық салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елбасы саясатының арқасында Қазақстан алпауыт елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастықта абырой-беделге ие мемлекет болып танылды. Ең бастысы, шекарамызды бекітіп, мемлекеттігімізді мызғымастай етіп қалыптастырдық. Экономикалық, әлеуметтік салада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылуда. Астанамыз халықаралық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ірі орталыққа айналып келеді. Осы жетістіктің барлығы Елбасы саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқаны сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Елбасы Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында еліміздің алдына ерекше мақсаттар қойғанын тілге тиек етті. Шын мәнінде, бұл бастамалар әлеуметтік саланы жаңғыртып, ұлттық рухты оятып, халық тұрмысын жаңа деңгейге көтеретіні анық.
Осындай игілікті істің барлығында «Нұр Отан» партиясы Елбасының сенімді тірегі ретінде үнемі Президенттің жанынан табылғанына да тоқталып өтті.
– Елбасының елді биіктерге бастаған стратегиялық саясатын жүзеге асыруда және тәуелсіздікті нығайтуда «Нұр Отан» партиясы да үлесін қосып келеді. Келесі жылы партиямыздың 20 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысының барлық бастамасын жүзеге асыру жолында партия айтарлықтай жұмыстар атқарды. Сондықтан тәуелсіздіктің қалыптасып, нығаюына біздің партия мүшелері де зор еңбек сіңірді деп айтуға толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары алда әлі талай мақсат-міндеттер бар екенін айтып, елдің іргесін одан ары бекітіп, тәуелсіздігімізді қорғау үшін әр қазақстандық талмай еңбек ету керегін тілге тиек етті және салтанатты іс-шараға қатысушыларды қастерлі де қасиетті мерекемен шын жүректен құттықтады.
Іс-шара барысында Тәуелсіздік күніне орай, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосып, табандылығымен танылған нұротандықтар мемлекеттік және партиялық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Парасат» орденімен «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен наградталды. Одан бөлек, бүгін белсенді нұротандықтар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен «Нұр Отан» партиясының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Жалпы, мереке қарсаңында «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен – 61, Құрмет грамотасымен 111 нұротандық наградталды. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары, Орталық аппарат пен партия тарапынан құрылған мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ аймақтық және аумақтық партия филиалдарының өкілдері бар.
Серік СҮЛЕЙМЕН,
«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгінгі марапатты батысқазақстандық партия мүшелерінің Елбасы тапсырмаларын орындаудағы жұмысына берілген баға деп қабылдаймын. Сондай-ақ бұл өңіріміздегі барлық нұротандыққа жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта партия Төрағасының сенімді тірегі бола отырып, Елбасының саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру жолындағы бастамаларын іске асыруда бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Сонымен қатар барша қазақстандықтарды ең басты мерекеміз Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әр отбасына ырыс пен береке тілеймін. Қазақ елінің болашағы жарқын болып, Елбасымыз бастаған игі істер сәтті жүзеге аса берсін. Сол жолда әр нұротандық табандылығымызбен танылып, ел дамуына елеулі үлесімізді қоса берейік. Мереке құтты болсын!
Алтынай КӨБЕЕВА,
Алматы қаласы Ақпаратты-ресурстық орталығы қоғамдық қорының директоры:
– Шыны керек, Елбасы партиясынан осындай марапатқа ие болу – қорымыз үшін үлкен мақтаныш. Мұндай құрмет бізге жұмысымызды бұрынғыдан да нәтижелі, табысты істеуімізге жігер беріп, ынтамызды арттыра түседі. Осы ретте соңғы айларда «Нұр Отан» партиясының жұмысы жанданып, халыққа одан ары жақындай түскенін, ел үшін көптеген игі істерді қолға алып, жастарымыздың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасап жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл – Елбасы, партия Төрағасының халыққа деген қамқорлығының жарқын көрінісі. Осындай тың бастамалардың арқасында біз сияқты қорлардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың партиямен қарым-қатынасы нығайып, жұмысымыз жандана түсті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандықтарды бүгінгі ең ұлық мейрамымызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман болсын!
Жанар БОҚАНОВА,
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Саяси менеджмент академиясының директоры:
– Бұл марапаттың мен үшін құны жоғары. Өйткені бұл біздің академияның жұмысына берілген баға. Биыл академия үшін жемісті жыл болды. Партия басшылығының қолдауымен көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Соның арқасында партиялық білім беру ісі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік оқыту орындарының біріне айналамыз деп сенемін. Осы мақсатта бүгінде нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта сол мақсатқа жету үшін еселі еңбек етеміз. Осындай марапатты Тәуелсіздік күні қарсаңында алуымды да өзім үлкен жақсылыққа балаймын. Себебі, еліміздің ең басты мерекесінде жұмысымыз еленіп, лайықты бағасын алып жатса, оған тек қуанамыз. Тәуелсіздік күні құтты болсын! Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасын орындауда жоғары нәтижеге жете берейік. Осы жолда нұротандық әріптестері сәттілік пен табыс тілеймін.
Руслан
ЖҰМАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы кадрлармен жұмыс жөніндегі департамент директорының орынбасары:
– Егемен елімізде 47 кәсіби, 9 мемлекеттік және жалғыз ғана ұлттық мереке бар. Ол – Тәуелсіздік күні. Бүгін Абылайдай аталарымыздың асқақ арманы ақиқатқа айналған күн. Еліміз 27 жыл ішінде ішкі және сыртқы саясатта көптеген жеңістерге жетті. Осы жолда, яғни мемлекеттігіміздің қалыптасуына партиямыздың да қосқан үлесі қомақты. Партия құрылған жылы елдегі ахуал басқаша болатын. Тіпті ол кезде бүкіл әлем экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатты. Сондай қиын-қыстау шақта іргесі қаланған партиямызға елімізді жарқын болашаққа бастайтын нақты миссия жүктелді. Ол кезде бұл мүмкін еместей көрінгенімен, бүгінде біз Елбасының сенімді тірегі, нағыз халықтың партиясына айналдық. Алдағы уақытта да қалың көпшіліктің қажетіне бағытталған ісімізді жалғастырып, Елбасы бастамаларын орындауда жетістіктерге жете береміз деп сенемін. Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Еламан ҚОҢЫР
Дереккөз: Айқын