Германиядағы барлық Volkswagen зауыттары 2 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтатады

0

VW басшылығы жұмыстан босату және жұмысшылардың жалақысын қысқарту жоспарларынан бас тартпағандықтан, кәсіподақ концерннің зауыттарында ереуілдер өткізуге ниетті, деп жазады DW.

Германияның IG Metall кәсіподақ ұйымы Volkswagen автоконцернінің қызметкерлерін 2 желтоқсан, дүйсенбіде барлық VW зауыттарында басталатын жалпыұлттық ескерту ереуіліне шақырды. Бұл туралы жексенбі, 1 желтоқсанда Төменгі Саксония федералды штатындағы IG Metall аймақтық кеңсесінің басшысы Торстен Грёгер (Thorsten Gröger) мәлімдеді.

Жексенбіге, 1 желтоқсанға қараған түні Volkswagen (VW) автоконцернінің жұмысшылары мен басшылығы арасындағы еңбек дауларын бейбіт жолмен шешуге міндеттейтін келісімнің мерзімі аяқталды.

– Біз келіссөздер үстелінде ымыраға келуге дайын екенімізді көрсеттік, бірақ біздің ұсынысымыз қабылданбады. Енді компания назардан тыс қалдыра алмайтын ереуілдер болады. Жақын арада барлық зауыттарда өндіріс уақытша тоқтатылады, – деді кәсіподақ өкілі.
Жалақы бойынша келіссөздер 9 желтоқсанда жалғасады деп жоспарланған.

Volkswagen Германияда 10 зауытты басқарады, оның алтауы Төменгі Саксонияда, үшеуі Саксонияда және біреуі Гессенде. Германиядағы концерн зауыттарында шамамен 120 мың адам жұмыс істейді, олардың жартысына жуығы Вольфсбургте.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Hyundai, Kia және Genesis 208 мың электр көлігін кері қайтарып жатыр.