«Ауа жұту мұңға айналды»: Өскеменде ашулы тұрғындар қала әкімдігіне шабуыл жасады (ВИДЕО)
Қала тұрғындары газға қарсы тұмылдырық киюге мәжбүр болып жүр
Өскемен әкімдігі қаладағы экологиялық проблеманы жоққа шығарып отыр ма? Әкімдіктің Instagram желісіндегі ресми парақшасы қаладағы «Дәл қазіргі сәт» атауымен ауаның тазалығы туралы видео жариялаған.
Өз кезегінде тұрғындар әкімдіктің бұл әрекетін қатаң сынға алып, қаладағы экологиялық жағдайдың тым күрделі екенін жазып, пікір қалдырды.
«Мұндай өтіріктің не қажеті бар? Қаланың үстінде қою түтін шөгіп тұр. Ұшақтар қона алмай жатыр», «Шын айтып тұрсыздар ма?! Әлде біздің көзіміз жоқ деп ойлайсыздар ма? Үш күннен бері қала көк түтіннен көз аша алмай отыр. Ауа жұту мүмкін емес. Жұрттың ашуына тимеңіздер!», «Көзбояушылықты қою керек. Ақты ақ деп, қараны қара деп мойындау керек билікке. Ауа ластығы өзекті мәселе қазір Шығыс өңірі үшін», «Жұрттың бетіне түкіргендеріңіз бе? Мазақ етіп отырсыздар ма?», «Ауа жұтудың өзі мұңға айналды. Қаладағы қара түтін өмірге қауіпті», — деп жазды қала тұрғындары.
Экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 28-29 қараша күндері мектеп оқушылары онлайн оқитын болды.
Желсіз күндері қала тұрғындары қарапайым медициналық бетперде емес, газға қарсы тұмылдырық киюге мәжбүр болып жүр.
Айта кетейік, кеше Өскемен қаласына 2018 жылдан бері әкім болған Жақсылық Омар қызметінен кеткені хабарланды.