Маңғыстауда мұнайшылар мінген автобус жол апатына ұшырады

0

Маңғыстау облысында Қаражанбас бағытындағы тасжолда ішінде жолаушылары бар шағын автобус жылқымен соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, апатта бір адам зардап шегіп, жылқы өлген, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілген.

«Автокөлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сараптама тағайындалды. Оның нәтижелеріне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады», — деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, полиция мәліметінше, жылқының иесі де жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта оны анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Иесі анықталғаннан кейін, ол ауыл шаруашылығы жануарларын бағу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп қосты полиция.