Президент: Қазақстан төрағалық еткен кезеңде ҰҚШҰ-ның алдындағы міндеттердің бәрі орындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын ашық деп жариялады.
«Тұтастай алғанда, Қазақстан ұйымға төрағалық еткен кезеңде ҰҚШҰ-ның алдында тұрған барлық міндеттер орындалды. Басым бағыттарды іске асыруда көрсеткен қолдауларыңыз үшін және бірлескен жемісті жұмыстарыңыз үшін үлкен ризашылығымызды білдіремін.
Құрметті әріптестер, қымбатты достар! Бүгін біз халықаралық аренадағы және өңірдегі ахуал туралы пікір алмасып, оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсерін бағалауымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бүгінгі сессияда ұйымға Қазақстан төрағалық еткен кезеңде атқарылған жұмыстар қорытындыланады.
«Сондай-ақ, біз ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарында атқарылған жұмыс туралы мәліметті тыңдап, өткен кезеңдегі қызметті қорытындылаймыз. Төрағалық етушінің құқығын пайдалана отырып Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, аталмыш жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағанбетов қатысып отыр.
Сондай-ақ, іс-шараға ТМД Бас Хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин шақырту алған.