«Итеріп жіберген»: Алматы облысында тұрғындар автобустың 7 жасар баланы қалай басып өлтіргенін айтты

0

Алматы облысындағы Іргелі ауылында 7 жасар баланы автобус басып өлтірді. Жергілікті тұрғындар жантүргшігерлік жағдайдың қалай болғанын баяндап берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдай «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің автотұрағында болды. 7 жасар баланы автобустан қатарластары итеріп жіберген деген болжам бар.

Куәгерлердің айтуынша, төменгі сыныптың оқушылары түстен кейін сабаққа жиналған. Балаларды алып кету үшін жекеменшік автобус келген. Қайғылы жағдай балалар автобус ішіне кірген бетте болған. Автобус жүргізушісі баланың автобустан қалай түсіп қалғанын білмесе керек. Сол сәтте автобус артқа жүріп, баланы басып кеткен.

“Автобус баланы қағып кетті екен деп ойладым. Бірақ мұншалықты деп ойламадым… Бала қайтыс болды. Түсінесіз бе? Ол баланың орнында кез келген ата-ана, бала болуы мүмкін еді. Басқа бала алды да итеріп жіберді. Мүмкін абайсызда болған шығар. Бәлкім, ойнап тұрып дөңгелек астына түскен болар”, – дейді “Асыл арман” тұрғын үй кешенінің тұрғыны Әсемгүл Қали.

Жергілікті тұрғындар жақын маңда мектеп пен балабақша болғанда мұндай жағдай болмас еді дейді. Қазір тұрғын үй кешенінде 25 мың адам тұрып жатыр. Олар үйдің маңында күн сайын көліктер мен автобустар кептеліп тұрады деп шағымданды. Айтуларынша, балалар мектепке көрші ауылға немесе Алматыға барады.

“Осыны жеткізу үшін бір адам өлу керек болды. Таңертең бес жарымнан бастап 100-150-дей адам тұрады. Олардың арасында ересектер де, жастар да, балалар да, арба ұстаған аналар да бар. Барлығымыз, қайда барамыз? Қалаға. Неліктен? Өйткені біздің тұрғын үй кешенінде балабақша да, мектеп те жоқ”, – дейді тұрғындардың бірі Баян Сламжанова.

Әкімдіктегілер ауылда бірнеше жылдан бері жеке ұйымның қаржысына мектеп салуға тырысып жүргенін айтады. Қазір құрылыс салушыда ақша болмағандықтан құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

“Мектептің құрылысы басталды. Бұл 2 мың орындық мектеп. Қазір қаржыландыру бойынша бірқатар қиындықтар бар. Құрылыс тоқтатылды. Сондықтан біз де бұл мектепті күтіп отырмыз. Алдымен құрылыс салушымен кездесіп, міндеттеме аламыз. Оның қалай жүріп жатқанын, қаржыландыруы не болып жатқанын білейік. Әрі қарай көреміз”, – дейді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атчабаров.

Баланы басып өлтірген автобус жүргізушісі ұсталды. Полиция жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Егер жүргізуші кінәлі деп танылса, ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін Алматы облысында автобус көлік тұрағында 7 жасар баланы басып өлтіргені туралы жазған едік.