«Халықтың өмірінен кредиторлық қарызды өтеу маңызды ма”: Қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері министрлік жобасына қарсы президентке үндеу жасады

0

Қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған жобасына наразылық танытып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа желіде видео үндеу жариялады. Айтуларынша, министрліктің жедел жәрдем қызметкерлерін қысқартып, түнгі ауысымды алып тастау идеясы халықтың денсаулығына үлкен қауіп әкеледі. Одан бөлек, ұзақ жылдар осы салада еңбек еткен тәжірибелі мамандардың онсызда мардымсыз жалақысы тіптен азаймақ. Ал кейбірі тіптен жұмыстан қысқартылуда. Қызметкерлер бұл ұсынысты қабылдамауды сұрап, дабыл қақты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Бұл бұйрық күшіне енбеуі тиіс: Халықтың жағдайы нашарлайды”…

Фельдшерлер перзидент Қасым-Жомарт Тоқаевқа №225 бұйрыққа түзетудің күшін жоюды талап етті. Айтуларынша, шұғыл медициналық көмек 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Енді оларды алып тастаса жедел жәрдем бригадасы үлгермей, халықтың жағдайы нашарлауы мүмкін.

“Жедел жәрдем бригадасына шақырулардың 40-60%-ын шұғыл көмек бригадасы орындайды. Сол себепті 225-бұйрық бірінші кезекте Қазақстан халқының денсаулығы мен әл-ауқатына теріс әсер етеді.

Бұл бұйрық күшіне енбеуі тиіс. 225-бұйрықты қабылдау арқылы сіздер 121-кодекстің 1-бабын (халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі) бұзасыздар. Бұл жобаны қабылдау арқылы сіздер тек қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіресіздер. Жедел жәрдем бригедасына үлкен жүктеме түсіп, түнгі уақытта шақыртулар кезінде үлкен кідірістер туындайды. Сол себептен халық уақытында қажетті медициналық көмек ала алмай қалады”, – деді қызметкерлер.

Олар қазір тәулік бойы қызмет етіп, 4-санаттағы шақыруларға баратын шұғыл бригаданың орнына тек күндіз жұмыс істейтін мобильді бригада құрылатынын жеткізді.

“Есептесек, 1 бригада 35 мың халыққа келеді. Мобильді бригада дүйсенбіден жұмаға дейін 8:00-ден 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал сенбіде 8:00- ден 16:00-ге  дейін. Мобильді бригада 4-санаттағы шақырулардан бөлек, жедел жәрдем активтеріне учаскелік дәрігерлердің алғашқы шақыруларына барады. Соған қарамастан мобильді бригада науқастарды тасымалдау қызметін жасамайды. Олар шақыртуларға жеңіл автотранспортпен барады. Ал мерекелік демалыс кезінде олар жұмысқа шықпайды. Сонда жедел жәрдем жұмысына жүктеме артқаннан қандай пайда?”, – деп қосты олар.

“Қысқартудан бөлімшедегі ипотекасы, несиесі бар мамандар қиналмақ”

Қызметкерлер сонымен қатар осы бұйрықтың салдарынан көпшіліктің сағаттары азайып, жұмыстан қысқартылатынын жеткізді. Айтуларынша, бөлімшедегі көпбалалы, жалғызбасты аналар, ипотекасы мен несиесі бар жас мамандар қиналмақ. Ал олар медицинаның басқа бөліміне ауысса, барлығын басынан бастауға тура келеді. Тіпті жедел жәрдем бөліміндегі ұзақ жылдық тәжірибесі барлардың еткен еңбегі текке кетпек.

“Шұғыл көмек бригадасының орнына қазір мобильді бригаданы шығармақ. Ал мобильді бригада түнде, мерекелік демалыста жұмыс істемейді.

Енді мұндай жағдайда ойлап қарайық, мәселен, 1 бригада 4- категориядағы шақыртуда ауырып жатқан баланы әкелуге кетті делік. 2-бригада жамбас мойыны сынған төсек тартып қалған науқасқа кетті. 3-бригада жүрегі ауырып, инфаркт болып жедел көмек қажет науқасқа кетті. Дәл осы кезде жедел жәрдемге жол апаты бойынша немесе пышақ жарақты бойынша шақырту түседі. Сондай жағдайда жедел көмекті кім көрсетеді? Науқастар жедел жәрдем мамандарының қашан босайтынын күтіп отыра ма? Әлде инфарктпен ауырған науқасқа кеткен бригада оны тастап, шақырту категориясы ауырырақ деп, пышақ жарақатынан қансыраған адамға кетіп қала ма?

Десаулық сақтау министрлігі бюджет шығындары жедел жәрдем қызметін жаба алмайтынын айтты. Яғни қаржыландыру жетпейді. Мамандардың бұл жұмысы шығын әкеледі. Алайда медицина саласы үнемдеуге болатын сала. Бұл жоба халықтың геноцидіне айналады. Құрметті президент, біздің мемлекетімізге халықтың өмірінен бұрын кердиторлық қарызды өтеу маңызды ма?”, – деді көпшілік.

“Мұның бәрі шығын мен жүктеме: Жедел жәрдемді дұрыс пайдаланбаймыз” 

Бұл мәселеге байланысты Stan.kz тілшісі Деснсаулық сақтау министрлігінен пікір сұрады. Министрлік бұйрықтың әлі қабылданбағанын, ашық НҚА-да талқылауда екенін алға тартты.

“Министрлік жедел медициналық көмектің (бұдан әрі — ЖМК) қолжетімділігін жақсарту мақсатында № 225 бұйрықтың жобасын әзірледі. Бұл ретте бұйрықтың жобада ЖМК шақыру тетігін өзгерту, оның ішінде халыққа тәулік бойы көрсетілетін қызметтерді шектеу жоспарланбайды.

Шетелде жедел жәрдем шынымен мұқтаждарға өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда ғана барады. Ал бізде шыны керек, 20 пайыз шақыртуда үлкен кісілер жай қан қысымын өлшетуге, бас ауруға немесе, қызу кезінде шақыртады. Негізінде жедел жәрдем ондайға мүлдем бармайды. Себебі мұның бәрі шығын мен жүктеме. Оданда шынымен өлім аузында жатқандарға барған дұрыс. Біз негізі жедел жәрдемді дұрыс пайдаланбаймыз.

Талдау нәтижесінде қоңыраулардың 50%- дан астамы жеделдіктің 4 санатына жататынын көрсетті. Бұл дегеніміз, жедел жәрдемге көбіне көмекті талап етпейтін аурумен (жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) жүгінетінін білдіреді. Бұл науқастар емханаларға шұғыл көмекке өздері жүгіне алады”, – деді ведомство.

Министрліктің айтуынша, жедел медициналық жәрдем бригадалары, ең алдымен, миокард инфарктісі немесе жарақаты бар науқастар сияқты өміріне тікелей қауіп төндіретін науқастарға жіберілуі керек.

“Бұл жеделдіктің 1,2,3 санатына жатады. 4-санаттағы шұғыл шақыруларға тек МСАК шеңберінде емханалардың жұмыс уақытында (8:00-ден 20:00-ге дейін), 20:00-ден кейін және демалыс күндері 4-санаттағы шақыруларға жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. Жұмыс мәжілістерінде мұндай тәсілді медицина қызметкерлері талқылап, қолдады.

Халықтан келіп түсетін шақыртуларды саралай келе бригадаларға жүктемені реттеу мақсатында олардың санын 25 мың тұрғынға 1 бригада есебінен, 35 мыңға 1 бригаданың орнына өзгерту туралы шешім қабылданды. Қазір 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыруға ешқандай кедергі жоқ”, – деп қосты ведомство өкілі.