Нурикамал Сейітжанова деген кім: әйгілі әнге арқау болған ару туралы не білеміз
Таяуда жарыққа шыққан отандық «Нурикамал» фильмі көпшіліктің қызу талқысына түсті. Көрерменнің бірі бұл туындыны шынайы сезімнен туған әннің тарихын көрсеткен фильм десе, енді бірі адал жарға деген сатқындық деп пікір білдіріп жатыр. «Нурикамал» фильмі өмірде болған оқиға негізінде түсірілген. Бұл мақаламызда әйгілі әнге һәм жаңа фильмге арқау болған Нурикамал Сейітжанова туралы мәлімет ұсынамыз.
Нурикамал жайлы не білеміз? Нурикамал Сейітжанова 1949 жылдың 12 наурызында Ақмола облысының Державин (қазіргі Жарқайың) ауданы, Братолюбовка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған ару мемлекеттік қызметте беделді еңбек етті. Көкшетау қаласы әкімдігінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Нурикамал Сейітжанова 1972 жылы Целиноград педагогикалық институтының филология факультетін орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. 1967-1968 жылдары Баранкөл ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып, ал 1972 жылдан бастап Нахимов орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істеді. Кейін осы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып тағайындалды.
Жас әрі бастамашыл, қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген ару көптің назарына бірден түсетін. Бойындағы қабілетінің арқасында Нурикамал еңбек жолында өте беделді қызметкер атана білді. 1983 жылы Қазақ КСР Компартиясының Торғай облыстық комитетінде ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі. 1988 жылы Қазақ КСР Компартиясының Шымкент облыстық комитетінде ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі. 1990 жылы Қазақ КСР Компартиясының Торғай облыстық комитетінде идеология бөлімінің меңгерушісі.
«Нурикамал» әнінің шығу тарихы Көпшілік сүйіп тыңдайтын «Нурикамал» әні – ерлі-зайыпты жандардың туындысы. Ән 1988 жылы жарыққа шықты. Әннің сөзін ақын Ханбибі Есенқарақызы жазған, ал әуенін оның жолдасы Тұрдықылыш Ізтаев жазды. Композитор әнге арқау болған Нурикамал есімді қызға ғашық болған. Әннің тууына да сол сезім себеп болған деседі. Бір күні ақын жолдасының пианино жанында отырғанын көреді. Сәлден соң қасына барып: «Айтқың келгені осы ма еді?»,-деп әннің мәтінін алдына тастайды. «Нурикамал – өмірде бар лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі ол қандай адам, менен артық па? — деп ойладым. Әйелдердің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ, көбі жағдайдың байыбына бара бермейді. Нурикамалды көріп, жолдасымның талғамына риза болдым. Себебі ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша «Нурикамал» әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың «Қорланы» сияқты бағаладым», — дейді Ханбибі Есенқарақызы. Шығармашылық адамдарының дені туындысына арқау болған жандардың есімін өлеңдеріне қоспайды немесе өзгертіп жатады. Алайда бұған Ханбибі Есенқарақызы түбегейлі қарсы шығып, әннің атын өзгеріссіз қалдырған. Нурикамал Сейітжанқызы мәдениет саласының дамуына үлкен үлес қосқан жоғары білімді маман, білікті ұйымдастырушы, талапшыл басшы болды.
Нурикамал Сейітжанованың басшылығымен жаңа шығармашылық ұжымдар құрылып, ондаған жаңа мәдениет мекемелері ашылды, ауылдық жерлерде де көптеген жаңалық енгізілді, жаңа есімдер пайда болды. Әйгілі әнге арқау болған ару тұрмыс құрмады, сәби сүймеді. Саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған Нурикамал Сейітжанова 2021 жылы 73 жасқа қараған шағында өмірден озды.