Елбасы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығы форумын қорытындылады
2018 жылғы 9 қараша 18:16 24
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат — Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум аясындағы жемісті жұмыс үшін отырысқа қатысушылардың барлығына алғысын білдірді.
«Тараптар айтарлықтай қызықты көрмені ұйымдастырып, онда осы саладағы жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктер көрсетілді. Кеше форум алаңында 25 өңіраралық әрі коммерциялық келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, форум екіжақты қатынастарға және ынтымақтастық кеңістігін кеңейтуге елеулі серпін береді деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті Қазақстан мен Ресей үкіметтеріне бірқатар мәселе бойынша тапсырма беруді ұсынды.
«Біріншіден, тиісті туристік және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша біздің іс-қимылдарды үйлестіруді күшейту керек. Осы орайда автомобильдік, темір жол, әуе қатынастарын дамыту тұрғысында іс-қимылдардың бірлескен жоспарын әзірлеу қажет. Екіншіден, шекаралық бақылаудан туристердің қиындықсыз өтуіне барынша жағдай жасау маңызды. Бұл ретте Қазақстан мен Ресей үкіметтері осы мәселелерді бірлесе шешуі тиіс», — деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы туризм бойынша Каспий теңізінде ынтымақтастық архитектурасын көршілес елдермен құру маңыздылығын атады.
«Ресей Президенті атап өткендей, онда круиздік кемелер жұмыс істейді. Әзербайжан, Түркіменстан, Иран елдерін ескере отырып, Каспий теңізінде біз туристік үлкен ағынды жүзеге асыра аламыз. Біздің көршілер Каспий әлеуетін игеру шараларына кірісіп кетті», — деді Н. Назарбаев.
Елбасының пайымынша, бүгінде қол жеткізілген медициналық және білім беру орталықтарының әлеуетін кеңінен пайдалану керек.
Н. Назарбаев Байқоңырдың бірегей ғарыш айлағында бірлескен күш-жігермен ғарыш туризмін дамыту қажеттігін айтып, сондай-ақ биыл құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысына қатысуға шақырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Петропавлдағы форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин құжатқа қол қойды.
Сонымен қатар РФ басшысы келесі Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумы Омбыда өтетінін мәлім етті.