Ақсуда ер адам қыз баланы зорлап, оның денесін иен далаға көміп кеткен (ВИДЕО)

0

Аса ауыр қылмыс жасаған адам тек 15 жылдан кейін қолға түсіп отыр

Қазақстанның Бас прокуратурасы осыдан 16 жыл бұрын Павлодар облысы Ақсу қаласында жантүршігерлік қылмыс жасаған адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дереккөзге сүйенсек, күдікті былтыр Ресейде жүргенде қолға түсіп, қазір Петропавлдың тергеу изоляторында отыр.

«Бұл адам 2008 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған қыз баланы зорлаған. Жазадан қорыққан ол таныстарын шақырып, қызды күштеп көлікке отырғызып, ауылдық аймаққа алып кеткен», — деп хабарлайды Бас прокуратура.

Оның таныстарының арасында бұрын адам өлтірген бір кісі болған. Дәл сол адам қызды қылқындырып өлтірген. Бұдан кейін қаскүнемдер кәмелетке толмаған баланың денесін далаға көміп кеткен.

«Ең басты күдікті, яғни, қызды зорлаған және жақындарын шақырып оны өлтірген адам қашып кеткен. Оның сыбайластары кезінде ұсталып, сотталған. Ал, 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған адам былтыр қыркүйекте Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған. Қазір ол Петропавл қаласының тергеу изоляторына қамалды», — деп хабарлайды прокуратура.

Енді ол 10 жылдан бастап 20 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.