Қызылорда облысының әкімі мемлекеттік қызметтегі туыстары мен таныстары туралы пікір білдірді

0

Қызылорда облысының әкімі мемлекеттік қызметте туыстары мен таныстарының болып-болмауына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрлыбек Нәлібаев облыстық білім басқармасының бастығы Асқарбек Есжановтың жақын танысы екені туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

«Осы облыстың тумасы болғандықтан, мұндағы көптеген әріптестерімді білемін. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам жұмыс істедім. Қала әкімінің орынбасары қызметінен бастадым. 8,5 жылдан астам қала әкімі, 5 жыл аудан әкімі, үш жылға жуық облыс әкімі, облыс әкімі аппаратында жұмыс істедім. Барлық әріптестеріммен, барлық жерлестеріммен, Асқарбек Есжановпен ғана емес, барлық мемлекеттік қызметкерлермен, көптеген кәсіпкерлермен, зиялы қауым өкілдерімен және басқалармен жұмыс істедім. Сондықтан туыс, таныс болғаны үшін жұмысқа қабылдау болмаған. Біз кандидаттың қабілеттерін, білімін, кәсіби қасиеттерін ескере отырып шешім қабылдаймыз», –деп жауап берді ол.

Облыс әкімі  өзі өңір басшысы болғанға дейін де Асқарбек Есжановтың басшылық қызметтер атқарғанын және жақсы нәтижелер көрсеткенін атап өтті.

«Айта кету керек, 3-4 ай бойы білім басқармасының басшысы лауазымы бос қалды. Қазір басқарма басшысын табу оңай шаруа емес. Сырттан келген адам үшін бұл қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Білімді, тәжірибелі маман табу оңай емес. Біз оның осы сала маманы екенін ескере отырып, кандидатурасын ұсындық. Министрлік оны барлық жағынан қарады және мақұлдады. Ол менің жақсы танысым болғандықтан ғана тағайындалмады», – деді аймақ басшысы.