Сүлейменшілерден келетін қауіп әлі де бар ма?

0

Қазіргі таңда байқасақ еліміздің діни секторында Түркия елінен бастау алып, жалғасы бізге дейін жетіп отырған бірнеше жамағат бар. Солардың бірі Сүлейменшілер жамағаты. Түркия еліндегі реформалар кезінде діни білімді сақтап қалу, тарату мақсатында еңбек еткен Сүлеймен Хилми Тунахан есімді ғалымның жолын жалғастырушы шәкірттері деуге де болады. Сенім-наным жағынан имам Матуриди тармағын, мәзһабта Әбу Ханифа жолын, тариқатта Нақышбанди бағытын ұстанатын бұл топ жайында қазақ қоғамында түрлі пікір бар. Дін өкілдері бұл топтың Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бекіткен стандарттарына бағынбайтын тұстарын айтып, дабыл қағуда.Тақырыпты тереңірек түсіну үшін алдымен бұл жамағаттың тарихымен таныс болсақ.

Сүлейменшілер қозғалысының тарихы

Сулеймен Хилми Тунаханның алған білімін нағыз қызметіне жаратар кезеңінде Осман мемлекеті құлап, Мұстафа Кемал Ататүріктің реформалары басталады. Медреселер жабылып, діни дәрістер мектептерде бір сабақ ретінде ғана берілетін болады. Кейіннен діни сабақ түгелдей тоқтатылады. Әліпби ауысады, Республика құрылып, жаңа заң күшіне еніп, реформа жүреді. Сол кезеңдерде дінді насихаттауды тоқтатпаған тұлғалар түрлі позицияларды таңдаған. Сулеймен Хилми Тунахан жатақханалар ашып, ондағы балаларға дінді уағыздап, құран жаттатып, арабша үйрету секілді қызмттерді қолға алып шәкірт дайындайды. Осындай формадағы сипатта дінге қызмет ету бағыты пайда болады. Ол ендігі өмірін шәкірт оқытумен өткізуге бел байлайды. Бірақ, биліктің саяси қысымының үрейі билеген ол кезеңде шәкіртте табыла қоймайтын. Алғашында мектеп жасындағы жастарды оқыту мүмкін болмағандықтан, жасы ұлғайған адамдардан, жұмысшылар, қызметкерлер мен саудагерлердің арасынан кейбір кісілерді оқыта бастайды.

Осылайша Сүлейменшілер қозғалысы пайда болады. 1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан дүниеден өткеннен кейін оның жолын шәкірттері жалғастырды және олар «сүлейменшілер» деп атала бастады. Сүлейменшілер жамағаты тарапынан Түркияның көптеген қалаларында, сондай-ақ Германия, Франция, Ресей, АҚШ, Голландия, Швеция секілді мемлекеттерде Құран курстары ашылады.Сүлейменшілер қозғалысы уақыт өте келе Түркиядан тыс жерлерге де таралды, оның ішінде Қазақстанға да келді. Кейбір сарапшылар олардың діни білім беру әдістерінің дәстүрлі ислам ағымдарынан өзгеше екенін айтады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтындағы Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының мақаласында:

«Сүлейменшілер діни ғибадаттарын Сүлеймен Тунаханды елестету (рабыта) арқылы жасайды. Жұма намазын мешіттен тыс жеке ғимараттарда да өткізе береді, бес уақыт намазды өз араларында арнайы бекітілген намаз кестесіне (тақуим) сай өткізеді. Бұлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына, құжаттары мен пәтуаларына қайшы келетін мәселелер қатарына кіреді.

Сонымен қатар бұл жамағат Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасына қайшы келетін, қазақстандық патриотизм мен ұлттық идентификациядан айыратын шетелдік жат діни идеологияны астыртын түрде таратуға мүдделі. Радикал діни ойларды ашық түрде насихаттамағанымен, түбінде зайырлық қағидаттарды қолдамайды.

Айта кету керек, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуада Қазақстан аумағында мешіттен тыс орналасқан кез келген (тұрғын үй, қоғамдық орын, базар, өндіріс орны, оқу орны, т.б.) ғимараттар мен құрылыстарда жұма намазын оқуға болмайды, сондай-ақ заңмен бекітілмеген орындарда діни білім беруге, діни рәсімдерді өткізуге заң жүзінде тыйым салынады»,-делінген.