Абхазияда халық наразылығынан соң президент Аслан Бжания отставкаға кетті
Өзін-өзі жариялаған Абхазия республикасының президенті Аслан Бжания мен премьер-министр Александра Анкваб оппозицияның қысымымен отставкаға кетті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі «Эхо Кавказа» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аслан Бжания билік пен оппозиция арасындағы көп сағаттық келіссөздерден кейін қызметінен кетті.
«Елдегі тұрақтылық пен конституциялық құрылысты сақтау үшін Абхазия республикасы Конституциясының 65-бабына сәйкес мен Абхазия республикасының президенті қызметінен кету туралы өтінішімді беремін», — делінген Бжания қол қойған құжатта.
Тараптар қол қойған келісімге сәйкес, Бжания отставкаға кету туралы өтініш береді. Ал оппозиция жақтастары наразылықтар кезінде басып алған үкіметтік ғимараттар кешенін тастап кетеді. Осы тармақты орындамаған жағдайда Бжания отставкаға кету туралы өтінішін қайтарып алады.
Бұған дейін келісімге қол қойғандардың бірі «Абхаз халықтық қозғалысы» ұйымының жетекшісі Адгур Ардзинба келіссөздер нәтижесінде Бжания отставкаға кетуге келіскенін айтты.
Абхазия парламенті Бжанияның отставкаға кетуін 19 қарашада қарайды. Вице-президент Бадра Гунба мемлекет басшысы ретінде әрекет етеді. Абхазия парламентінің бұрынғы төрағасы Валерий Бганба премьер-министр болып тағайындалды.
«Қазіргі министрлер Абхазия республикасының жаңадан сайланған президенті қызметіне кіріскенге дейін өз міндеттерін атқарады», — делінген құжатта.
Бұған дейін Бжания отставкаға кетуден бас тартып, президенттік сайлауға қатысуды жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Айта кетейік, 15 қарашада Ресеймен инвестициялық келісімге наразылық танытқандар парламент маңындағы қоршауды бұзып, оның аумағына енген еді. Кешке қарай олар президент әкімшілігі орналасқан ғимаратқа баса-көктеп кірген.
Шабуыл алдында шерушілер дуалдың бір бөлігін бұзып, парламент аумағына басып кірген кезде наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс басталған. Шерушілер полиция қызметкерлеріне жұмыртқа мен бөтелке лақтырған.
Қауіпсіздік күштері шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.
Сухуми мен Мәскеу арасындағы инвестициялық келісім жобасына сәйкес, ресейлік компаниялар өздерінің инвестициялық жобаларын мойындалмаған республика аумағында жүзеге асыра алады. Тараптар оған 2024 жылдың қазан айының соңында қол қойды. Құжат күшіне ену үшін ратификациялануы керек. Оны депутаттар 15 қарашада қарауы керек еді. Бірақ парламент күн тәртібін бекітпей, сессия өткізілмей қалды.
Абхазия (Кеңес дәуірінде Грузия құрамындағы автономиялық республика) 1993 жылы Грузиямен соғыстан кейін тәуелсіздігін жариялады. Ол кезде Грузия да, әлемнің басқа мемлекеттері де Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған жоқ.
2008 жылы бес күнге созылған Ресей-Грузия соғысынан кейін аймақтың тәуелсіздігін Ресей және тағы төрт мемлекет: Венесуэла, Науру, Никарагуа және Сирия мойындады.
Грузия сепаратистік Абхазия мен Оңтүстік Осетия аумақтарын Ресей басып алған деп санайды. Сондай-ақ Ресейді елдің аумақтық тұтастығын бұзды деп айыптайды.