“Маңызды міндеттердің бірі – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру” — Президент Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың 40%-ы ауылдық жерлерде тұратынын атап өтті.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің жағдайы барлық азаматтардың, ең алдымен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Мен сайлауалды бағдарламамда ауылдың дамуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өттім. Президенттік сайлаудан кейін менің алғашқы Жарлығым ауылдық жерлерді дамытуға бағытталды», — деді президент.
Мемлекет басшысы оның тапсырмасына сәйкес Үкімет бес жылға есептелген тиісті тұжырымдаманы қабылдағанын айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда.
Нақты нәтижелер алынды. Биыл 200 ауылда су құбырларын салуға қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95%-дан астамы таза сумен қамтамасыз етілетін болады.
«Маңызды міндет – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша шағын несиелер беріледі. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ауқымды жұмыс жалғасады, өйткені ауылды абаттандыру – біздің стратегиялық міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.