Отандық «Бауырына салу» фильмі Оскар сыйлығының үміткерлер қатарына енді
Режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі Оскар сыйлығына үміткерлер қатарына кірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туынды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Отандық фильм Оскардың “Шетел тіліндегі ең үздік фильм” номинациясы бойынша үміткерлер қатарынан табылды.
Айта кетейік, фильм жақында «Тұлпар» ұлттық сыйлығын иеленген еді. Кейін Оскар комитетіне «International Feature Film» номинациясы бойынша Қазақстаннан ұсынылған болатын.
Кинода бауырына салу дәстүріне сәйкес әжесінің тәрбиесіне берілген баланың бастан кешкені баяндалады. Әжесі дүние салғаннан кейін бала биологиялық ата-анасына қайтарылады. Алайда бала үшін олар бөтен адамдар сияқты әсер етеді.
Еске салайық, Америка академиясының дауыс беруі үш кезеңде өтеді. 9-13 желтоқсан аралығында академиктер шортлист жасақтайды, ол 17 желтоқсанда жарияланады. Дауыс беру 2025 жылдың 8-12 қаңтары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша 17 қаңтарда барлық санаттағы номинанттар белгілі болады. Үшінші, соңғы кезең 11-18 ақпан аралығында өтеді.
Жеңімпаздардың есімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анджелесте конверттерді ашу салтанатында жарияланады. Егер фильм номинант ретінде ұсынылса, режиссер шақырту алады. «International Feature Film» санатындағы статуэткада мемлекет пен фильмнің атауы және режиссердің есімі жазылады.