Сенат комитетінде меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заң жобалары қаралды
Заң жобасы меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелік институтын жетілдіруге, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған.
Онда 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Еліміздің Қылмыстық-процестік кодексiне мүлікті тәркілеу кезінде адамдардың мүліктік құқығын қорғауды көздейтін толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда: қылмыстық қудалау органының және соттың тәркілеу нысанына жатқызылған нақты мүлікті және дәлелдемені көрсету міндеті; соттың мүлікті тыйым салудан босату туралы мәселені қарау жөніндегі құзыреті белгіленген.
Қылмыстық кодекс экономикалық және салықтық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру мәселелерін қозғайтын нормалармен толықтырылады. Оның ішінде ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын алғаш рет орындамаған адам міндетті есепке жатқызылуға тиіс қаражатты банктегі шотқа қайтарған жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады; Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын алғаш рет бұзған немесе банктiң ақшасын заңсыз алғаш рет пайдаланған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады; салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтарған адам Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ өсімпұлды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Сот жүктемесін оңтайландыру мақсатында заң жобасымен: сот оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайтын он істі бұйрық арқылы іс жүргізуге; сот бұйрығы шығарылатын тоғыз даусыз талапты атқарушылық жазбаны жасау үшін нотариусқа; сот атқарушыларының қаулыларын санкциялаудың бірқатарын соттан прокуратураға беруді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сондай-ақ, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» №702 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Жарлыққа сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.
Заң жобасының мақсаты – нормативтік-құқықтық базаны Президент Жарлығына сәйкес келтіру болып табылады.
Жоба «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.
Енгізілетін өзгертулер редакциялық сипатқа ие болып отыр. Атап айтқанда, жоғарыда аталған Конституциялық заңдарда «республикалық маңызы бар қала және астана» және «Алматы және Астана қалалары» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар және астана» сөздеріне ауыстыру ұсынылады.
Сонымен қатар, комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Заң жобасының мақсаты Жарлықты жүзеге асыруға орай заңнаманың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылымға енгізілген өзгерістерге сәйкестендіру болып табылады. Онда Шымкент және Түркістан қалаларының мәртебесінің өзгеруіне байланысты 2018 жылғы 1 шілдеден бастап алынатын салық мөлшерлемелерін арттыру бойынша Салық кодексіне түзетулер енгізіледі.
Алайда, аталған аймақтардың салық төлеушілерінің жағдайын нашарлатуды болдырмау мақсатында өзгертілген базалық салық мөлшерлемелерін алуды 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру қарастырылған.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы экологиялық қасірет жағдайындағы аймаққа енген болатын.
Түркістан облысы әкімшілік орталығының Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты Түркістан облысына қарасты 12 ауылдық округ тұрғындарын әлеуметтік қорғау шараларын сақтау жөнінде заң жобасына түзетулер енгізіледі.
Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында заң жобасы кеден істері саласындағы құқық қорғау функцияларын Мемлекеттік кіріс комитетінен Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметіне беру, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жасау шарасын өткізу көзделіп отыр.
Заң жобасын қабылдау тұрғындарды үздіксіз әлеуметтік қамтамасыз ету мен оларға мемлекеттік қызмет көрсетуге жағдай жасауға, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша мемлекеттік органдардың үйлесімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжаттар Палата қарауына ұсынылды.
Дереккөз: http://egemen.kz/