Малайзияда Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті

0

11-12 қараша аралығында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті. Құрылтайға Малайзия, Корея, Сингапур елдерінен 100 ге жуық отандастарымыз қатысты. Шара «Отандастар қоры» КеАҚ, Малайзиядағы қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен өтті. Бұл туралы оордың баспасөз қызметі хабарлады.

Құрылтайдың ашылуынан бастап, әр пленарлық отырыстарында Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған түрлі мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ашылу салтанатында Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Сүгірбаев, «Отандастар қорының» КеАҚ президенті Данияр Қадыров және Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан сөз сөйледі.

Елші Болат Сүгірбаев, құрылтайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту қажеттігін атап өтті. Ол құрылтайдың маңыздылығын, оның Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталғанын түсіндірді.

«Отандастар қоры» КеАҚ
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Қоғам президенті Данияр Қадыров, құрылтайдың басты мақсаты шетелдегі қандастармен байланысты арттырып, бірлікті нығайту екенін айтты. Ол «Отандастар қоры» атынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы жолындағы мәдени бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан ашылу сөзінде шетелдегі қандастармен мәдени және экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтіп, Құрылтайдың ортақ мүддені көздейтін бастама екенін айтты.

Құрылтайдың мәдениетке қатысты отырысында қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін шетелде сақтау мен дамыту тақырыбы кеңінен талқыланды. Қоғамның Шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Лаура Болатова қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрді сақтау және болашақ ұрпаққа мұра ету бағытындағы Қоғам тарапынан жасалып жатықан жобаларымен бөлісті. Баяндама шетелде ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын арттыруға арналған жобаларды қамтыды.

Құрылтайда Малайзиядағы Халықаралық Ислам Университетінің докторанты Анар Рысмұхамбетова «Малайзиядағы қазақ дәстүрлері мен мәдениетін қолдау» тақырыбында сөз сөйлеп, қазақ мәдениетін шетелде насихаттау мен сақтаудың өзектілігіне тоқталды. Ол Малайзиядағы қазақ қауымдастығының ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап, бұл бастамалардың шетелдегі қазақ жастарының ұлттық бірегейлігін сақтауға септігін тигізетінін айтты.

Анар Рысмұхамбетова қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін қолдаудың маңызын айта келе, қазақ диаспорасына арналған мәдени жобаларды ұйымдастырудың және жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеудің қажеттілігін ерекше атап өтті.