Күндіз той жасаған жас отбасыға Шу қаласының әкімі сыйлық табыс етті

0

Шу қаласының жергілікті атқарушы органы тұрғындарға тек күндізгі уақытта той жасауды әдетке айналдыруды ұсынды. Тіпті қала әкімі бұл үшін ынталандыру сыйлықтарын беретін көрінеді, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат порталы stan.kz-ке сілтеме жасап.

Telegram-арналардың бірінде Шу халқының жаңа тренд бастап, тойды күндіз атап өтіп жүргені туралы ақпарат тарады. Қала әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев отбасылық жиындарын күндіз атап өткен жандарға сыйлық тарту етеді екен.

Біз жерлестерімізді тойды күндізгі уақытта өткізуге шақырамыз. Іс-шараны ертерек бастап, ерте аяқтайсыз. Бұл бірреттік шара емес. Біз бұл бастаманы қолдайтын жерлестерді жігерлендіріп отырамыз, – дейді қала басшысы.

Әкімдіктегілердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған аудандық жиындардың бірінде іс-шараларды мерзімінен бұрын өткізу мәселесі қаралды. Әкімдік, құқық қорғау органдары, бизнес өкілдері мен қоғам белсенділері арасында тиісті меморандумға қол қойылды.

Осы мақсатта Шу қаласындағы мейрамханаларды аралап, ең ерте басталған тойға барып, той иесіне арнайы сыйлық табысталады. Қала әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев құттықтау сөзін айтып, сөз мазмұнында тойды ерте бастауды да негізге алды, – деп жазды әкімдік.

Осылайша әкімдіктегілер тұрғындарды тойға ерте барып, ерте бастауға шақырды.