«Қазақфильм» алдағы уақытта жабылуы мүмкін бе – Министр Аида Балаева жауап берді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс кулуарында “Қазақфильмнің” болашағына қатысты сауалға жауап беріп, мекеменің жабылу мүмкіндігі жайлы баяндады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аида Балаева өз сөзінде “Қазақфильмнің” тарихи мекеме екенін айта келе, жабылмайтынын мәлімдеді.
“Әлбетте, жабылмайды. Мұны министр ретінде айтамын. Бұл – біздің тарихымыз, киноның дамуы “Қазақфильммен” тікелей байланысты. Сондықтан біз мекемені сақтап, дамытуға міндеттіміз. Бұған дейін де айтқанмын, мәдениет және ақпарат министрлігі заң бойынша “Қазақфильмді” қаржыландыра алмайды, ондай құқығы жоқ”, – деді ол.
Министрдің сөзінше, қазір “Қазақфильмді” министрліктен қаржыландыру мәселесі заң негізінде реттеліп жатыр.
“Заңға “Қазақфильмге министрлік тарапынан тура қаржыландыру алуға мүмкіндік беру жөнінде норма енгізіледі. Қазір ол қаржы ала алмайды, сондықтан бұл уақыттың еншісінде. Бүгін тағы да “Қазақфильмнің” жағдайы өте қиын екенін айтқым келеді. Инфрақұрылымы да, барлығы да. Қаржыландыру болмаса, осы жөнінде айтудың да керегі жоқ”, – деп түсіндірді ол.