«Балаларға тіпті обал»: Балғынбек Имаш бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрады
Танымал айтыскер ақын, қоғам белсендісі Балғынбек Имаш бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі билік басында отырғандарға үндеу жасады.
“Бұрынғылар ұрлаған ақшаны қайтара алмасаңдар, ең болмаса бұрынғы сағатты қайтарыңдаршы. Миымыз да тәніміз де, жанымыз да шаршады. Балаларға тіпті обал”, – деп жазды ақын.
Өнер өкілдерінен басқа да лауазымды тұлғалар да бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатыр. Білікті дәрігер әрі депутат Гүлдара Нұрымова елімізде уақыттың өзгеруі жүрек-қан тамырлары, гормондық және басқа да ауруларды тудыратынын ескерткен еді.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуі мәселесі мәжіліс отырысында қаралатынын айтты. 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты.
Бұдан бөлек бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.