«Тоқаев еміме көп ақша берді»: Жүрсін Ерман ауыр дертпен күрескен қиын кезді еске алды

0

Айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман ауыр дертпен қалай күрескенін айтып, қиын кезде өзіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмегі елеулі болғанын жеткізді. Сөзінше, президент оның еміне қомақты қаражат берген, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

Жүрсін Ерман Тоқаевтың өзіне жасаған жақсылығы туралы «1001 түн» бағдарламасында айтты. «Мені құртқан – қант. Оның қайдан келгенін кім біледі?! Қатты ауырдым. Алматыдағы беделді ауруханада емделдім. Мені қарап жүрген дәрігер аяқты кесу керектігін айтты. «Бұлай жасамасақ болмайды, өліп қаласың» деді. Адамның аяғын кесу оңай ма?! Қоймай шетелге барып келемін деп шештім. Швейцарияға кетіп қалдым. Ол жақта құдам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры.

Олар мені қарап, аяқты кесудің қажеті жоқ екенін айтты. Швейцарияға бару оңай болған жоқ. Президентім Қасым-Жомарт Тоқаев барып емделіп кел деп, көп ақша берді. Оны былай өзі айтпайды. Бірақ мен ішімнен біліп тұрмын, риза болып тұрмын. Солай аяғымды кестірмей, қайтып келдім. Бір күні аураханадан екі-үш күні қалды деп шығаратын болды. Қыздарым қарап, шөптермен емдеп, аман алып қалды. Халықтың да қолдауы дем береді», — деп жан сырын ақтарды ақын.